Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жаңа Жолдауында мемлекет бизнеспен бірлесіп халықаралық нарықта стратегиялық тетіктерді тауып, отандық өнімдерді ілгерілету ісін қамшылау керектігін атап өтті. Расымен де, қазірде, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру қарқын алып келеді. Осы орайда, бизнес пен мемлекет алдында маңызды тапсырма — шикізат өткізу нарығын кеңейту тұр.
Экспорттық саясат бойынша ауыл шаруашылығында мақсатты тәсілдер мен әлеуетті экспорт нарығы жол картасы бекітілді. Картада бірінші кезекте, ЕАЭО, ТМД, Қытай, Орта Азия, Парсы шығанағы мен Еуропа елдері, сондай-ақ, Иран мемлекеттері бар.
Бүгінгі таңда, Таяу Шығыс елдері Жамбыл облысынан ұсақ қара мал етін және тірі қойды жеткізуді арттыруда қызығушылықтарын білдірді.
Атап өту керек, бүгінгі таңда облыстың белгілі бір шаруашылықтары сыртқы нарыққа 2 мың тоннаға дейін қой етімен шығуға мүдделі және әлеуетін әрмен қарай арттыру да көзделген. Алайда, Таяу Шығыс елдері тарапынан қой етінің келісіне ұсынылып жатқан 1200-1250 теңге көлеміндегі баға көңіл көншітпейді. Ал, ішкі нарықтың өзінде қой етінің құны шамамен 1400 теңгеге бағалануда. Түйіндей келе, мұндай экспорт шаруалар үшін мақсатсыз әрі тиімсіз болмақ.
Яғни, әрбір экспорттық тауарға біріншіден елеулі шығындарымен жаңа нарыққа бейімделу қажет болады. Осыдан барып жинақталған сапада, белгіленген бағада, артықшылықтары және тағы да басқа интеграциялық процестер жүреді.
Алайда, объективті себептерге байланысты, отандық кәсіпкерлер сыртқы нарыққа бейімделу үшін шығындарды өтеуге дайын емес.
Осы ретте, өңірдің алдыңғы қатарлы қожалықтардың бірі «Шаушен» ШҚ басшысы Мейрамбек Доненбаев өткізу нарығын кеңейтужәне бейімдеу, сондай-ақ, өнімдердің экспорт көлемін көбейту үшін мемлекеттің қолдауына иек арту қажет, дейді. Кәсіпкердің «экспортталатын еттің нарықтағы етке қарағандағы бағаларындағы айырма құнды субсидиялау арқылы өтелсе» деген ұсынысын білдірді.
Мысалға, есепке Жамбыл облысын алып қарайтын болсақ, жыл сайынғы экспортқа субсидия түріндегі шығынның көлемі 400 млн.теңгеге (2000 т*200 тенге) теңеспек. Ең әуелі ұсынылған қолдау құралын пилоттық режимде іске қосуға болады.
Ол бюджеттік қаражатты мақсатты пайдаланудың тиімділігі ең жоғары деңгейде болуына мүмкіндік береді, — дейді Жамбыл облысыныңКәсіпкерлер палатасы Директорының орынбасары Аспандияр Сейсебаев.
— «Бюджет бүйірінен бөлінген қаржыны қолданудың ашықтығы мен дұрыстығы ветеринарлық сертификат пен кедендік декларация негізінде анықталмақ».
Бүгінде мемлекеттік бағдарламалардың қолдауы аясында агроөнеркәсіптік кешен кооперативтері ет өнімдерін ет комбинаттарына өткізген жағдайда ғана субсиидияға қол жеткізеді. Мақсат – қолданыстағы ет комбинаттарының жұмысын толық жүктеу. Алайда, олардың үздіксіз қызметі мен өндіріс көлемінің артуы үшін өткізу нарығы қажеттігін де қаперде ұстаған абзал.