Тараз қаласының сәулеттік келбеті жаңарады

0 16

Облыс әкімі А.Мырзахметовтің бастамасымен Тараз қаласының өзіндік кескін-келбеті мен сәулетін қалыптастырып, шаһарды мейлінше көркейту мақсатында қалалық кеңес құрылды. Кеңестің алғашқы отырысында оның мүшелері бекітіліп, алдағы жұмыс жоспары нақтыланды.Бұл туралы Жамбыл облысының баспасөз қызметі хабарлады.

Басқосудың күнтәртібіне облыс орталығындағы саябақтардың мәселесі қойылып, оларды қайта жаңғырту жайы сөз болды. Бұл жолы да облыс әкімі салалық басқарма басшылары мен жауапты тұлғаларға құр баяндаудан гөрі құрылысқа қажетті жобалардың эскизі мен құнын көрсетіп, қажеттілігін дәлелдеуді талап етті. Дегенмен, қаланың кескін-келбетін жетілдіру ісіне жетекшілік ететіндердің көбі кеңестің алғашқы отырысына дайындықсыз келген сыңайлы. Мәселен, Тараз қаласы тұрғындары мен қонақтары жиі ат басын бұратын Тұңғыш Президенті саябағын көркейту жайы айтылғанда онда алдағы уақытта бой көтеретін нысандардың эскиздері дайын емес екендігі белгілі болды. Аймақ басшысы Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябағындағы ескерткіштің «Халық қаһарманының» болмыс-бітімін толық таныта алмай тұрғандығын да сын тезіне алды. Жауапты тұлғаларға ескерткіштің жобасын қайта қарауды міндеттеп, саябақты жастардың жиі бас қосатын орнына айналдырып, оны патриоттық тәлім-тәрбие беру орны ретінде пайдалану қажеттігіне баса назар аударды. Мұнан бөлек, Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағындағы жұмыстың жүйесіздігі де талқыланды. 5 жыл бұрын саябақты меншігіне алған 2 кәсіпкер онда 185 миллион теңге инвестиция тартып, саябақты көпшіліктің бір мезгіл тыныстап, емін-еркін демалуына бар жағдай жасауды мойнына алған. Алайда, межелі уақытта мұнда салынған инвестиция көлемі небәрі 49 миллион теңгеге жеткен. Бұл орайда облыс әкімі шаһар басшылығына кеңестің келесі отырысына дейін саябақтың кәсіпкерлерге қандай талаппен берілгенін зерделеу туралы тапсырма берді. Сонымен бірге, А.Мырзахметов саябақтың Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағы аталғанымен онда осы атаудың мазмұнын ашатын нысандардың аз екендігін айтып, қажет болса орталық алаңда тұрған Бауыржан Момышұлының ескерткішін, қаланың келесі бір бөлігінде орналасқан «Мәңгілік алауды» осында көшіру жұмыстарын мұқият ойластыру қажет екендігін тілге тиек етті. Осы жоба жүзеге асқан жағдайда қала тұрғындарының ұсыныс тілектері толығымен ескерілетін болады. Кеңес барысында облыс орталығындағы Тұрар Рысқұлов атындағы және «Мамыр», «Химик» саябақтарын реттеу бойынша ұсыныстарды әзірлеу жайы да сөз болды. Сондай-ақ, қала құрылысының ажырамас бөлігі саналатын тұрғын үйлердің қасбеттерін ретке келтіріп, шаһар көшелерінде оңды-солды ілінген жарнама тақтайшаларын реттеудің ережесін әзірлеу жауапты басқармалар мен мекемелерге жүктелді. Аймақ басшысы қала көшелеріндегі бағдаршамдар мен жолаушылар өткелдерінің тым жиі орналасуының қозғалысты қиындатып отырғанын атап өтті. Қала кеңесінде тарихи қала Тараздың осы бір ерекшелігін сақтай отырып, түрлендіру жайы кеңінен сөз болды. Аймақ басшысы жауапты тұлғаларға көне қаланың орнындағы бұрынғы «Шахристан» базарының аумағын тарихи орталыққа айналдыру, Тараздың өз «Арбатын» жоспарлау ісіне уақыт оздырмай кірісуді тапсырды. Бір сөзбен айтқанда, Таразды тотыдай түрленген қала етудің нақты қадамы жасалынып отыр. Салалық басқарма басшылары мен мекеме жетекшілері ендігі жерде қалыптасып қалған қасаң қағидадан арылып, бір жеңнен бас, енді ұзынсонар баяндамадан нақты ұсынысқа көшуі қажет.

Leave A Reply

Your email address will not be published.