Пхенчхан: шорт-трекші А.Крестова іріктеуден өтпей қалды

0 15

sports.kz

Қыздар арасындағы 1500 метрлік жарыста жерлесіміз Анастасия Крестова талайлардан озып келе жатыр еді. Қарсыластарының бірі соғып өтіп, іріктеуден өте алмай қалды. 

Алдымен айдынға Ким Йоң А шықты. Жарыс алдында біздің тілшілер Йоң Аның әкесімен жолығып, апа-жезделерімен де амандасты. Бәріміз де спортшы барын салады деген үмітке орандық. Ким қайратын кейінге сақтайын деді ме, қарсыластырын алға ұзатты. Сол күйі қуып жете алмай, жарысты ерте аяқтады. Төртінші кезектегі спортшылар айдынға шақырылғанда арасында біздің Анастасия Крестова да болды. Француз Вероник Пьеррон, Канада атынан сынға түскен Ким Бутен, жапон Юки Кикути, Польшадан келген Магдалена Варакомска және кәріс қызы Ким А Лан алтауы сынға түсті. Мәреге таяған сайын Настя жалдамдығын үдетіп, топтың  алдыңғы шебінен көрінді. Сосын екінші келе жатты. Іріктеуден іркілмей өтетін де еді, кенет француз Пьеррон соқтықты. Екпінін тежей алмады ма, әлде әдейі ұрынды ма, Крестоваға анық кедергі келтірді. Анастасия әрине, бәрінің соңында қалды, сытылып шығу мүмкін емес еді.

Мәдіғали Қарсыбеков, шорт-тректен Қазақстан құрамасының бас бапкері:

— Мұндай кезде төрешілер алқасы араласып, зәбір шеккен спортшыға жол ашады. Бұл жолы қазылар өзгеше шешім қабылдады. Пьерронды емес, Крестованы жарыстан шығарды. Олимпиада кезінде қазылар үстінен шағым түсіре алмайсың.

Настяны тосып тұрдық, тұсымызда аялдағанымен ақтарылып әңгіме айта алмады, жанары жасқа толы еді.

Анастастия Крестова, шорт-тректен Қазақстан құрамасының мүшесі:

— Ештеңе де айта алмаймын. Қазылар солай шешкен екен, мейлі.

Амангелді Сейітханов, тілші:

— Анастасияны аяқтан шалу ма, әлде шорт тректің шарты толған шешім бе. Көргеніміз, Крестова қысастық көрген секілді. Анығын әділқазылар біледі, обал сауабы да солардың мойнында.

Leave A Reply

Your email address will not be published.