«Астана Опера» К.Орфтың атақты «Кармина Бурана» сахналық кантатасының театрландырылған орындауын ұсынады. 21 ақпанда театрдың Үлкен залында тенор партиясында ең жас әртіс – «Астана Опера» балалар студиясының солисі Қажымұрат Еркін алғаш рет сахна төріне шығады, деп хабарлайды театрдың баспасөз қызметі.
Он жасар бала бола тұра балалар студиясының тәрбиеленушісі сахнада жалғыз өзі өнер көрсетіп, үлкен партияны орындайды. Қажымұрат Еркіннің талантының бірегейлігі міне осы. Жас әртіс бұдан бұрын Дж.Пуччинидің «Тоска» операсында Бақташы бала рөлін сомдап, «Богема» операсында солоны орындаған, бірнеше рет аға буын әріптестерімен бірге түрлі концерттік бағдарламаларға қатысқан болатын. Өреннің ұстаздары оның жоғары кәсібилілігін, шеберлігін, музыкалық қабілеті мен зор әлеуеті барын айтуда.
«Өнер көрсету деген музыка, сөз, бейнеқатар, өзара үйлесім тапқан, сахнаның бірегей техникалық мүмкіндіктері қолданылған сахналық іс-әрекет. Тыңдарман қауымға тағдырдың тауқыметі, фортуна дөңгелегінің мәңгілік қозғалысы мен бастапқы нүктесіне қайта оралуы, адам өмірінің шарасыздық шеңбері туралы өсиет әңгіме ұсынылады. Басты әрекеттегі тұлға көрермен болмақ. Айтылған оқиға өмірдің мәнісін жаңаша түсінуге мүмкіндік береді», – дейді режиссер Наталья Кагадий.