Абайдың 50-ден аса өлеңін жатқа айтқан павлодарлық оқушы жеңімпаз атанды

0 0

Павлодар қаласының № 22 жалпы орта білім беру мектебінде Абай оқуларының қалалық кезеңі өтті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Байқаудың мақсаты — мектеп оқушылары арасында Абай мен Шәкәрім шығармаларын насихаттау, ұлылар поэзиясына, рухани мұрасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу.

Оған 32 жалпы орта білім беру қала мектептерінен 5-11 сыныптардан 93 оқушы қатысты. Жеткіншектер төрт бағыт бойынша сынға түсті: «Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы» номинациясы — Абай және Шәкәрім шығармаларын жатқа оқу, «Көңілім әнді ұғады» номинациясы — әндер мен күйлер орындау, «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» номинациясы — жас дарындар конкурсы және «Ұлылар әлемі» номинациясы — эссе жазу.

Қазылар алқасының шешімімен № 7 мектептің 7-сынып оқушысы Аружан Есжанова, № 29 мектептің 6-сынып оқушысы Әділ Бекімұрат, №12 мектептің 9-сынып оқушысы Нұрбек Кәрібай және № 20 лицей-мектебінің 9-сынып оқушысы Төрехан Төкенов төрт аталым бойынша бірінші орынды иеленді.

Аружан ұлы ақын Абайдың 50-ден аса өлеңін жатқа білсе, жас вокалист Әділ «Көзімнің қарасы» әнін орындап, көрермендерді өзінің әдемі дауысымен баурап алды. Сондай-ақ Нұрбек өзі шығарған «Абайды еске алу» өлеңімен Абайдың шығармашылығына деген сүйіспеншілігін көрсетті.

Қалалық кезеңнің жеңімпаздары 6-наурызда 2018 жылы облыстық кезеңге қатысады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.