Қарағандылық жас ғалым көмір қалдықтарын қорытып, жаңа металл түрін ойлап тапты.
Сондай-ақ көмір қалдықтарын металлургиялық пеште балқыту арқылы көлемін азайтып, көмір өндірісіндегі экологиялық жағдайды жақсартуға болатынын анықтады. Ербол Шабанов көмір қалдықтарын қайта өңдеу технологиясын ғылыми жетекшісі Сайлаубай Байсановпен бірге сегіз жылдан астам уақыт бойы зерттеген. Қолданысқа жарамсыз жоғарыкүлді қалдықтарды металлургиялық жолмен балқытып, оның құрамынан кешенді алюмосиликохром қорытпасын алу ешқандай қосымша жабдықтарды қажет етпейді. «Бұл қорытпаны ірі өнеркәсіптердің пештерінде балқытуға болады», – дейді жас маман. Бұл жоба көптеген халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болды. Жас ғалым өзінің ойлап тапқан өңдеу технологиясын заңды түрде патенттеп, қазір өндіріске енгізу жолдарын қарастырып жатыр.
Ербол Шабанов, ҚарМТУ аға оқытушысы:
— Қолдану барысына келсек, болат өндірісінде оттексіздендіру, қышқылсыздандыру зат ретінде қолданылады. Сонымен қатар ферроқорытпа өндірісінде тотықсыздандырғыш ретінде қолданылады. Қазір бизнес жоспар жасалынып жатыр және өнеркәсіптермен келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Дереккөз: 24.kz