Таразда 3.400 теңге үшін дәмханада болған атысқа қатысты жаңа дерек шықты

0 0

Оқ себепсіз атылған көрінеді. Тараздағы дәмхананың бірінде болған атысқа қатысты жаңа дерек айтылып жатыр. Оқ тиіп жараланған жәбірлеушілер жағдай мүлдем басқаша болған дейді. Сөздеріне сенсек, даяшылар оларға жеген кәуаптары үшін артық ақша жазып берген. Ал жігіттер оны төлеуден бас тартқан соң, күзетшілер ай-шайға қарамай атып тастады дейді, деп Zhambylnews AA хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасап. 

Соғыстан қайтқан жаралы жауынгердей болып жүрген бұл азаматтардың денесіне дәмханадағы атыс кезінде оқ тиген. Ең көбі Бауыржанға тиіпті. Оның тәнінен бытыраның бірсыпырасы алынғанымен әлі 12-сі аяғында. Жәбірленушінің айтуынша, «Шайханада» болған шатаққа даяшылар кінәлі.

Бауыржан Төлебеков, жәбірленуші:

«Далаға шығып темекі шегіп тұрғанда даяшы келді да, қарыздарыңыз қалдыр деді. Сомен онымен бірге кіріп қанша десем, 3400 деді. Мен не тапсырыс бердім десем, 4 кәуап деді. Кәуап 300 -ден 1200 теңге болады. Қалған сома қайдан шықты десем, сендер тағы сыраға тапсырыс бердіңдер дейді.»

Жігіттер артық соманың қайдан пайда болғанын дәлелдеп беруін талап еттік дейді. Бірақ, даяшылар нақты дәйек келтіре алмаса да, ас-судың ақысын сонда да беруді міндеттеген. Үшеуі одан бас тартқасын оларды кафеге қамап ұстаған. Одан кейін дауды дәмхана қожайыны ушықтырды дейді. Яғни ол мәселенің байыбына бармай жатып күзетшілерге клиенттердің ту-талақайын шығаруға бұйрық беріпті.

Бауыржан Төлебеков, жәбірленуші:

«Сонда қазір 3 мың теңге үшін адам өлтіріп тастауға бола ма? Қарыз болған күннің өзінде…10 мың болса да. Өз мемлекетімде жүріп маған қару тақап атып жатыр».

Жәбірленушілер оқ атылған соң өздері де күзетшілерге жұдырық жұмсағандарын жасырмайды. Енді олар бұл істі жай қалдырмақ емес. Яғни себепсіз ажал құштыра жаздаған күзетшілер мен кафе қожайынын жауапқа тартқызбақ. Бірақ дәмхана иесінің үстінен жазылған арызды полицейлер қабылдамай қойыпты.

Гүлсара Мұхтарқұлова, Жамбыл облыстық ІІД баспасөз хатшысы:

«Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 252-бабы 2-тармағымен (жеке күзет ұйымдарының қызметкерлерінің қару-жарақты қолдану арқылы өкілеттіктерін асыра пайдалану) тағы бір қылмыстық іс тіркелді.Қазіргі уақытта сараптамалар қатары тағайындалып, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүруде.

-Ал күзет агенттігінің басшысын жарық күнде шаммен іздеп таппадық.

Одан осы жайттың анық-қанығын білгіміз келген. Бірақ ақпарат алу мүмкін болмады. Көрсетілген мекен-жайы да дұрыс емес. Телефон қоңырауына да жауап бермейді. Естеріңізге  салсақ, Наурыздың 16-сында Тараздағы «Шайхана» деген кафеде күзетшілер қонақтарды ақша төлемеді деген желеумен атып тастаған болатын. Ал енді жәбірленушілер оқиғаның басқаша болғанын айтып жатыр».

Leave A Reply

Your email address will not be published.