Мұғалімдердің 45 пайызы сырттай білім алған

0 16

Білім саласындағы мұғалімдердің 45 пайызы сырттай білім алған. Ал, 143 мектеп директорының да білімі осы тектес, — деп Zhambylnews AA хабарлайды Жамбыл арнасына сілтеме жасап.

Бұл мәселе бүгін облыс әкімдігінде өткен алқалы жиында талқыға түсті. Аймақ басшысы Асқар Мырзахметов бірқатар өзекті мәселелерді сынға алып, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді. Мәжілісте бас қосқан білім саласының сардарлары мен сарбаздары өз ұсыныс пікірлерін жеткізді.

Аймақта 450 мектеп бар, 214 599 оқушы білім алады. Жеткіншіктер жыл сайын халықаралық, республикалық додаларда олжа салып жүргенімен жыртыққа жамау бола алмай тұр. Санаулы мектептер көш бастаса, басым бөлігі  жаңа лепке ілесе алмай келеді. Сенім артқан ұстаздардың  45 пайызы сырттай ғана білім алған. Ал ондай мекемелердің оқу сапасына ауыз ауыртпауға болар.

Асқар Мырзахметов, Жамбыл облысының әкімі: 

«Мектептің ауласының тазалығы дегендей соның есебінен рейтингі жоғары болмауы керек. Бірінші кезекте қаралатын дүние – білім сапасы. Пәннің бағытына қарамастан, мазмұнына қарамастан бір мұғалімге жүктеп қояды. Ол қалай бірнеше пәнді білуі мүмкін. Яғни жүйе ақсап отыр. Ауытқу болуы мүмкін журналдағы бағадан тесттің қорытындысы бойынша не болмаса 50 пайыз дегендей. Солардың бәрін біз қағаз жүзінде рәсімдеуіміз керек. Жалпы былай түсінікті. Ал егерде анадай нақты көрсеткіштер болмайтын болса, ертең бұл жүйе де жұмыс істемейді. Көп нәрсе мектептің директорына байланысты. Сондықтан да, міне бірінші кезектегі сіз бен біздің барлық ойланатын нәрсеміз осы мектептің басшылығы, «- деді. 

Сан жылдан бері жайлы орынға жайғасқан мектеп директорларының білім деңгейі де мәз емес. 143-і ЖОО-нын қашықтықтан я сырттай тәмамдаған. 32 пайызы шетелде білім нәрімен сусындағанымен, оң нәтижені көзіміз көрмей тұр. Дейтұрғанмен, жылы орын, жұмсақ кресломен ешкімнің қоштасқысы жоқ. Өзіндік себептерін өңірдің бас ұстазы тілге тиек етті.

Рахия Тұрмаханбетова, Жамбыл облыстық білім басқармасының басшысы:

«15-20 жыл отыратындары бар. Соларды енді қазір жаңа қағидаға байланысты 4 жыл келісім-шартқа тұруымыз керек. Оны қайта құру үшін, яғни ұзарту үшін олардың білім сапасы деңгейіне қарай отырып, комиссия құрылады. Аудандық деңгейде депутаттарды, қоғамдық кеңестің мүшелерін тарта отырып, тек қана білім бөлімінің басшысы ғана емес. Біз облыста да осы жүйені пайдаланып отырмыз. Егер директор жақсы жұмыс жасап, сапасы бар болатын болса, келісім-шарт келесі 4 жылға ұзартылады. Ондай шешім болмаса, комиссияның ұзартпауға құқығы бар».

БІЛІМ САЛАСЫНА ТЫҢ СЕРПІЛІС КЕРЕК

Аудандардың деңгейі тіптен көңілге қонымсыз. Әкім Шу, Қордай, Жамбыл сынды бірқатар өңірлердің ағарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарын сынға алды. Оқушыларды мектептерге бөлу ісі де оң шешімін таппаған. Бір мектепте шамадан тыс,  ал кей шалғайдағы даңғарадай білім нысанында санаулы ғана бала оқиды. Бұған қала және аудан әкімдері бас қатырғысы да келмейтін сыңайлы. Күрмеуі көп саланың мәселелерін шешіп, сапаны арттыру, ҰБТ көрсеткішін көтеру, ұстаздардың білім деңгейін жоғарылату жөнінде  ЖОО ректорлары ұсыныстар білдірді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.