Қазақстан Ұлттық банкі елдегі инфляцияны осы жылдың аяғында 5-7% және 2019 жылдың соңында 4-6% деңгейінде болады деп болжауда.
ҚР Ұлттық банкі төрағасының айтуынша, базалық мөлшерлемені төмендету туралы шешімдер 2017 жылғы оң нәтижелерге және биылғы ахуалдың қолайлы дамуына байланысты.
«Ағымдағы жылы базалық мөлшерлемені төмендету туралы шешім 2018 жылы инфляциялық божамдардың төмендеуі, сондай-ақ сыртқы нарықтарда және сауда серіктестерінде оң үрдістердің орнығуы аясында болжалды инфляция көрсеткіштерін жақсартуға байланысты болған», — деді Д.Ақышев.
Сондай-ақ, қаржы реттеушінің басшысы атап өткендей, жалпы Ұлттық банк бұрынғыша ақша-несиелеу шарттарының бейтараптығына ұмтылуда.
«Базалық мөлшерлеме деңгейінің ағымдағы траекториясы инфляция бойынша біздің қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді кезеңдердегі болжамдарымызды есепке ала отырып жасалған және ол осы жылдың аяғында 5-7% және 2019 жылдың соңында 4-6% инфляцияға арналған мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізуге ықпал етеді», — деді Д.Ақышев.
Дереккөз: ҚазАқпарат