Павлодарда 26 бала терезеден құлап, тоғызы қайтыс болған

0 1

Павлодар қаласында соңғы үш жылдың ішінде 26 бала терезеден құлап, тоғызы көз жұмған. Ал былтыр алты оқыс оқиға тіркеліп, соңы балалардың өлімімен аяқталды.

Бұл мәселе қоғам мен халық қалаулыларын алаңдатпай қоймады. Жалпы, соңы бала өліміне апарған оқыс оқиғалардың орын алуына ата-аналардың ұл-қыздарын тиісті деңгейде бақылауда ұстамау, сондай-ақ, терезелерде қауіпсіздік құралдарының орнатылмағаны себеп. Жағдай күрделі болғандықтан, жергілікті білім беру бөлімінің мұрындық болуымен «Қауіпсіз терезе» акциясы басталды.

«Акция облыс орталығындағы балабақшалардың бірінен басталды. Болашақта бұл шара барлық білім беру ұйымын қамтиды. Мәселен, осы мектепке дейінгі білім беру мекемесінде 341 бала тәрбиеленеді. Олардың 203-і екінші қабаттан жоғары пәтерлерде тұрады. Ал 39 бала тұратын үйлерде терезелерде қауіпсіздік құралдары жабдықталған. Ал қала бойынша үш мыңнан астам бүлдіршін екінші қабаттан жоғары пәтерде тұрады», — дейді облыстық мәслихат депутаты Айман Оспанова.

Бұл бастаманы жергілікті кәсіпкерлер де қолдады. Мердігер компаниялардың өкілдері пластикалық терезелерді орнату барысында қауіпсіздік құралдарын тегін ұсынуға бар.

«Біз көпқабатты үйде тұратын отбасылардың терезелеріне бұғаттау құралдарын тегін орнатып бере аламыз. Мәселен, біз қызмет еткен Катаев көшесінің бойындағы бір үйде бес бала тәрбиеленуде. Ең үлкені 12 жаста болса, үйдің кенжесі үш жаста. Осындай жанұяларға қол ұшын созуға әзірміз», — дейді компания директоры Балтабек Жанабаев.

Павлодар қалалық білім беру бөлімінің мәліметінше, облыс орталығында 67 мемлекеттік балабақша бар. Бұл ұйымдарда 17 мыңға жуық балғын тәрбие алуда. Олардың 10 мыңы екінші қабаттан жоғары орнатылған пәтерлерде тұрады. Тек 4105 бала терезелердегі қауіпсіздік құралдарымен қамтылған.

Еске сала кетсек, былтырғы жылдың тамыз айында екі жасар бала алтыншы қабаттан құлап, ажал құшқан. Куәгерлердің хабарлағандай, ұл бала москитті тормен бірге асфальтқа бірақ құлап түскен.

Дереккөз: Baq.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.