Қостанайлық жер астында көкөніс пен жеміс-жидек өсіруді қолға алды

0 15

Қостанай облысы, Қостанай ауданының тұрғыны Жолболсын Әбішев термос-жылыжайда көкөніс өсіруді қолға алды, алдағы уақытта цитрустық жемістерді де өсірмек.

Жаңа технологиямен жеміс-көкөніс өсіру идеясын Жолболсын Әбішев Германиядан сонау 1989 жылы әкелген. Жобаның қолайлылығы көңіл аудартады: жүйе жылыжай күн энергиясын барынша пайдаланып, жылу энергиясына айналдыратындай етіп жасалған. Былтыр Қостанай маңындағы Заречный кентіне көшіп келген соң, бұрыннан ойда жүрген идеясын іске асыруға мүмкіндік туды.

Ж.Әбішевтің айтуынша, оранжереяда күндіз 34 градус болады. Мұндай жағдайда цитрус өсімдіктерін өсіруге де болады, бірақ бұл әлі тек жоспар күйінде қалып отыр. Қазір қияр, қызанақ секілді қыр-сыры бұрыннан белгілі көкөністерге күш салып жатыр. Жолболсынның жолы болып, өңірлік кәсіпкерлер палатасы «Бастау-бизнес» жобасының аясында жылыжай салуға қажетті 3 миллион теңге мөлшерінде грант бөліпті.

«Жаңа қоныста немен айналысамын деп отырғанда, ең алдымен осы идея ойыма оралды. Қазір қырық алтыдамын, бүкіл өмірімді мал шаруашылығына арнап келдім. Бұл — мен үшін жаңалық. Қазақстанда термос-жылыжай атаулы енді ғана қолға алынып жатыр», — дейді ол.

Айта кетерлігі, жаңа типтегі жылыжайды салу үшін жерді 2 метр қазып, үстін, қабырғаларын жылу өткізбейтін материалдармен ораған. Ауданы 150 шаршы метр келетін транжерея әлі толық қуатпен жұмыс істеп тұрған жоқ, бәрі ойдағыдай болса, оның алғашқы жемісі сәуір айының аяғына қарай тұтынушыға жол тартады.

Дереккөз: ҚазАқпарат

Leave A Reply

Your email address will not be published.