Шымкентте балмұздақ жеп уланғандардың арасында жүкті әйел де бар. Аяғы ауыр науқас қазір Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл туралы ОҚО денсаулық сақтау басқармасы өткізген брифингте айтылды, деп хабарлайды Baq.kz.
«Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына 29 наурыздан бастап 39 науқас түсті. Соның 21-і –ересек,1-і – он төрт жасқа дейінгі бала және 7-еуі – жасөспірім. Жансақтау бөлімінде жатқызылған екі жасөспірім бала бөлімшеге ауыстырылды. Қазіргі уақытта жансақтау бөлімінде жүкті әйел ғана жатыр. Барлық науқастардың жағдайы тұрақты, оларға тиісті ем-дом көрсетілуде. Ауруханада төсек орындары жеткілікті. Науқастардың дәмханада балмұздақ жегені анықталды», — дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Иманалина.
Оның айтуынша, жүкті әйелдің денсаулығы дәрігерлердің жіті қадағалауына алынған. Ауруханаға балмұздақтан улану шағымымен адамдар әлі де келіп жатыр.
Осы жағдай бойынша ОҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаменті тексеру жұмыстарын бастады. Бұл туралы аталған департамент басшысының орынбасары Жұмағали Медетов хабарлады.
«Бүгін сағат 10:23-те Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасынан «жіті ішек инфекциясы», гастроэнтерит диагнозымен науқастар түскені жөнінде хабар келді. Берілген хабарламада науқастардың көбі Шымкент қаласындағы «Южное» дәмханасының киоскісінен балмұздақ жеген деген мәлімет келді. Сол бойынша біз облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің, қаланың аудандық басқарма мамандарынан, облыстық зертхана мамандарынан бригада құрдық. Олар ауруханаға түскендер мен балмұздақты сатып алған жерге толық тексеру жұмысын жүргізіп жатыр. Сол жерде жұмыс істейтіндерден сараптама алынды. Бір бригадамыз жұқпалы аурулар ауруханасындағы әр науқаспен жеке-жеке сөйлесіп, сараптама алып жатыр. Олардың жеміс дәмдес құйылмалы балмұздақ жегені анықталды. Тексеру қашан бітеді, сол кезде қорытындысын хабарлаймыз», — деді Жұмағали Бекенбайұлы.
Оның сөзінше, сараптама қорытындысы алдағы үш күнде белгілі болады.
Еске сала кетсек, бұған дейін Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына ондаған тұрғынның тоқтамай құсу, іш өту шағымы бойынша түскені хабарланған еді.