Футболдан «Ақжайық» командасы биылғы маусымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді

0 15

Футболдан ел біріншілігінің үшінші турында Оралдың «Ақжайығы» Павлодардың «Ертісін» қабылдады.

Ақсай қаласындағы «Қарашығанақ» стадионында өткен ойында алаң иелері барын салды. 11-минутта «Ақжайық» сапындағы украиналық шабуылшы Адеринсола Эсеоланың 11 метрлік айып добын «Ертістің» қақпашысы Никита Калмыков қайтара білді.

Есесіне ойын соңына таман, 81-минутта дәл сол Эсеоланың пасынан кейін Қазақстан жастар құрамасының мүшесі Иван Антипов қақпа бұрышын дәл көздеді.

Сөйтіп, 1:0 есебімен «Ақжайық» биылғы маусымдағы бірінші жеңісіне қол жеткізді. Ал бұл павлодарлықтардың алғашқы жеңілісі еді.

Айта кетейік, «Астана» елордада «Қайсарды» 2:0, шымкенттік «Ордабасы» сырт алаңда 1:0 есебімен «Атырауды» ұтты. Осы екі команда 9 ұпаймен турнир кестесінде көш бастап келеді. «Ақтөбемен» 1:1 есебімен тең ойнаған «Қайраттың» 7 ұпайы бар. Қалған екі матч ертең өтеді.

Дереккөз: ҚазАқпарат

Leave A Reply

Your email address will not be published.