Жамбыл облысында арзан еңбек күші ретінде жұмысқа жегілгендерді анықтау мақсатында «Мигрант» Республикалық жедел алдын алу іс-шарасы қолға алынды. Биылдың өзінде Жамбыл облысында өткізілген рейд барысында 622 миграция заңын бұзған шетел азаматы анықталған.
Мұнда ел ережесін елемей, шетелдіктерді шекарадан өткізгендер де жауапқа тартылатын болады. Жалпы, жыл басынан бері облысымызға заңсыз өтіп кеткен шетелдік азаматтардың қазірдің өзінде 240-ы Қазақстан Республикасы аумағынан аластатылыпты. Өңірімізде заңсыз мигранттар көп шоғырланатын жерлер көбіне шалғай елдімекендермен облыс орталығында орналасқан базарлар. Мигранттардың дені Өзбекстаннан екі қолға бір күрек іздеп, күнкөріс қамымен келгендер. Әрине, қаржы тауып, қоржынын қампитқысы келгендер де аз емес.
«Қазіргі уақытта Жамбыл облысы бойынша 622 шетел азаматы заңсыз жүргені анықталды. Оның ішінде 240-ы соттың шешімімен елден аластатылды», — дейді Жамбыл облыстық ІІД-нің көші-қон қызметі басқармасының инспекторы полиция капитаны Бекзат Досыбаев.
Дереккөз: Jambyl телеарнасы