«Қазақстан аруы 2018» ұлттық байқауының жеңімпазы Альфия Ерсайын ұтып алған 3 млн теңгені қайда жұмсайтынын айтып берді.
«Қазақстан аруы» атанғаныма өте қуаныштымын. Жеңіп алған 3 млн теңгені қайырымдылық қорына, балалар және қарттар үйлеріне көмек ретінде беруді жоспарлап отырмын», — деді ол Бейбітшілік және келісім сарайында өткен байқаудан кейін тілшілерге берген сұхбатында.
Бұдан бұрын хабарланғандай, «Қазақстан аруы» атағына Атырау өкілі, 16 жасар Альфия Ерсайын лайықты деп танылды. Ол бүгінде Атырау гуманитарлық коледжінің студенті. Айта кетейік, «Қазақстан аруы» байқауында бақ сынау үшін Астанадағы финалдық кезеңге еліміздің түкпір-түкпірінен 30 бойжеткен жиналды. Байқау барысында қазылар алқасы финалға шығатын тек 5 аруды іріктеді. Олардың арасында Динара Баймұратова (Семей,17 жаста), Сабина Әзімбаева (Алматы, 18 жаста), Маймуна Күлкешева (Астана, 19 жаста), Альфия Ерсайын (Атырау, 16 жаста), Екатерина Дворецкая (Карағанды, 19 жаста) бар.
Бұдан кейін еліміздің бірінші аруын дәстүрлі түрде Қазақстан халқы тікелей эфир арқылы өткізілетін онлайн және СМС дауыс беру арқылы таңдады. Нәтижесінде, басым дауыс жинаған «Қазақстан аруы-2018» байқауының жеңімпазы атанды.
Бірінші вице-мисс атағын Е. Дворецкая алса, екінші вице-мисс болып М. Күлкешева танылды. Үшінші вице-мисс атағына Д. Баймұратова ие болды.
Дереккөз: ҚазАқпарат