«Тараз» футбол клубының аңызға айналған құрамы тағы да алаңға шықты

0 7

Тараздың орталық стадионында футбол жанкүйерлері бір кездері елге еңбегі сіңген бапкер Ваид Талғаевтың қоластында өнер көрсеткен теңбіл доп шеберлерінің өнерін тамашалау мүмкіндігіне ие болды, — деп хабарлайды «Zhambylnews» АА «Тараз» футбол клубының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Дәл осы команда 90-жылдары қазақ футболының биігіне көтеріліп, үш жыл қатарынан жүлделі орындардан көрінген, 1996 жылы ел чемпионы атанған болатын.

Сол даңқты ұжымның өзегін құраған Ерлан Елеусінов, Нұркен Мәзбаев, Азамат Ниязымбетов, Сергей Тагиев, Нұрмат Мырзабаев, Фархад Мірсәлімбаев сынды футболшылар ұстазы Ваид Талғаевтың 65 жасқа толына орай «Тараз» ардагерлері командасы сапында тағы да алаңға шықты.

Команданың қатарын «Тараз» клубының қазіргі басшысы Қанат Мұсатаев, қақпашылар бапкері Мирослав Радованович, команда ардагерлері Асқар Күшікбаев, Самат Дербісбаев, Бекмұрат Хайтмұратов, Әбдірасіл Анарметов, Георгий Марденов, Сүйін Молдашбаев, Алтай Әлімбековтер толықтырды.

«Тараз ардагерлеріне» қарсы Қазақстан футбол федерациясының құрметті президенті Сейілдә Байшақов бастаған Жамбыл облысы ардагерлерінің құрамасы ойнады.

Ойын қызықты сәттерге толы болды. Теңбіл доп шеберлері жастық шақтағы дағды мен шеберліктерін әлі күнге сақтап келе жатқанын көрсетті.

Аңыз команданың үш голына жамбылдық ардагерлері бір голмен жауап берді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.