Алакөлге енді ұшақпен қатынауға болады

0 14

Алматы мен Алакөлдің арасын енді ұшақтар жалғайды. Үшарал әуежайына Алматыдан бет алған алғашқы ұшақ қонды. Жергілікті атқамінерлер жолаушыларды құдды құда күткендей құрт-май, гүлімен қарсы алды. Бірақ,  бұл дайындықтары тек камера үшін болғандай. Түсірілім аяқталғанша, тіптен адамдарды таситын таксилерге дейін тайып тұрған.

Алматыдан Үшаралға ұшқалы тұрған алғашқы рейстің алғашқы жолаушысымыз.  Енді Алакөлге барам деген ағайынға бұрынғыдай сағаттап жол азабын тартпаса болады. Бар-жоғы бір сағаттың төңірегінде Алакөлге жетеді. Билет құны да қатты қымбат емес. Бар жоғы 10 мың теңге.

Алғашқы рейсте адам аз болды. Ұшақ негізі 50 адамға шақталған. Шағын болғандықтан ұшқалақ па, әуеде шайқағаны жүректі шайлытады екен. Құрт, ірімшік, бауырсақ. Аудан әкімі бастаған топ алғашқы ұшақ жолаушыларын құдды шетелден құдасы келгендей құшағын жайып, гүлін беріп,бар сән-салтанымен қарсы алды. Туристердің басым бөлігі келетін Алматымен әуе байланысы орнаған соң Алакөлдегі туризмнің алға басады деп мәз.

Әлібек Жақанбаев, Алакөл ауданының әкімі: —

«Былтырғы жылы Үшарал-Астана, Үшарал-Талдықорған әуе қатынастары болған. Ол кездерде ауданның тұрғындары, келіп жатқан туристер осы қызметті жақсы жоғары бағалаған болатын».

Алматыдан Үшаралға енді аптаның бес күні ұшақ қатынайды. Үкімет биылға бөлген 311 млн теңге субсидияның септігімен билет құны 10 мың теңгеге тұрақтаған. Жалпы соңғы үш жылдың ішінде Алакөлде демалушылардың саны 150 мыңнан 700 мыңға дейін көбейген.

Әйгерім Рысбекова, әуе компаниясының өкілі:

«Алматыдан түстен кейін ұшады. Бізден 18 — 00 де ұшып кетеді. 1 сағат 10 минут уақыты.  Осы жаз көбейеді шығар деген ойдамыз жалпы».

Жақсы басталған салтанатты шараның орта тұсына келгенде әкім кетті, концерт біттінің кері келді. Жолаушыларды тасуға әкімдік бөлген арнайы микроавтобустар камераға түстік болды дегеніме, бірде біреуі қалмай тайып тұрған. Ертең туристер де әуежайда такси таппай, далада қалмаса болмағаны…

Дереккөз: КТК 

Leave A Reply

Your email address will not be published.