Алматыда Қазақстан халқы Ассамблеясы журналистер мен сарапшылар клубының кеңейтілген отырысын өткізді, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA 24kz сайтына сілтеме жасап.
Еліміздің ішкі бірлігін нығайтуға бағытталған жиында ҚХА өкілдері, БАҚ бас редакторлары мен этносаралық қатынас саласындағы сарапшылар қоғамдық сананы жаңғыртудағы журналистердің міндеті мен жауапкершілігі туралы ойларын ортаға салды. Мемлекет басшысы көтерген қазақтану мәселесі қатысушылар тарапынан қолдау тапты. «Өйткені Қазақстанды мекендеп отырған әртүрлі ұлт өкілдері қазақтың тарихын, дәстүрін, мәдениетін терең білген сайын сол елдің ішкі бірлігі арта береді», – дейді «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп.
Жиында «Хабар» телеарнасының директоры Ерлан Игісінов «Бұқаралық ақпарат құралдары және аудиторияның сенімі» тақырыбында ой өрбітті. Ал журналистер мен сарапшылар клубының жаңа төрайымы болып «Хабар» телеарнасының шеф-редакторы, Қымбат Хангельдина бекітілді.
Нұртөре Жүсіп, «Айқын» газетінің бас редакторы:
«Елдің ұйытқысы болып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамалары, оның ішінде осы қазақтану атты бастаманы кеңінен қолдауға болады, өйткені қазақтың бірлігі арқылы, қазақтың тірлігі арқылы халық та ұлт өкілдері бір шаңырақ астында елді өркендетуге атсалысады».