Тараз қаласының бірқатар көшелеріндегі жаяу жүргіншілер өткелдеріндегі белгілердің тұсында жолақтар мүлдем жоқ немесе нашар көрінеді, яғни өшіп қалған. Бұл туралы «Zhambylnews» AA хабарлайды.
Атап айтар болсақ, қаланың Әл-Фараби, Шостакович, Рысқұлов, Байзақ батыр, Саңырақ батыр, Айша бибі көшелеріндегі жаяу жүргіншілер өткелдерінде белгі бар да, жолақ сызықтары жоқ немесе көрінбейді.
Сондай-ақ, Тараз қаласы ІІБ Жергілікті полиция қызметінің мәліметтеріне сәйкес, қаланың тұрғындардың жүру жиілігі жоғары аудандарында жол-көлік оқиғалары көп орын алады. Зерделенген аумақтарда жаяу жүргіншілердің қатысуымен аптасына кем дегенде 1-2 жол-көлік оқиғасы орын алатындығы белгілі болды. 350 мыңдай ғана тұрғыны бар Тараз қаласы үшін бұл өте көп. Жаяу жүргіншілердің өту қарқындылығына де талдау жасалды. Талдау жасалған аудандардағы жаяу жүргінші өткелдерінен әр жарты сағатта 160-тан 350-ге дейін адам өтетіні анықталды.
Көрсетілген мәселелер арнайы мониторингтік топ отырысында талқыланды және тиісті мемлекеттік орган басшыларына ұсыныстар берілді.