Баспаналы болудың жаңа мүмкіндігі. «7 – 20 – 25» бағдарламасы нақты жүзеге асырыла бастады

0 1

Мемлекет басшысы Нұр­сұл­тан Назарбаев «Прези­дент­тің бес әлеуметтік бас­тамасы» атты Үндеуінде әр­бір отбасына баспана алу­дың жаңа мүмкіндіктерін қарастыратын «7 – 20 – 25» бағдарламасын әзірлеуді ұсын­ғаны мәлім. Содан бері­де бағдарламаның жөн-жо­басы әзірленіп, заң­намалық қол­дау механизмдері бекі­тіл­ді. Осылайша нақты іс­ке асырыла бастаған бағ­дарлама бойын­ша банк­тер де алғашқы несиелерін бе­руге кірісті. Сонымен атал­ған жоба аясында кім­нің қандай мүмкіндігі бар?

Кімдер қатыса алады?

Елімізде бұған дейін де бас­пана алуға бағытталған бірқатар бағдарламалар іске асқан-ды. Солардың нәтижесінде былтырғы жылы 11,2 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, баспаналы болған тұрғындар саны еселене түсті. Десе де, елдегі ірі қалалардағы халық санының күрт артуына қатысты жас отбасылар мен көп балалы отбасылардағы баспана мәселесі әлі толықтай шешім таба қойған жоқ. Осы ретте, мемлекет басшылығы барлық қазақстандықтарға арналған тиімді әрі қолжетімді бағдарлама ұсынып, Ұлттық банк «7 – 20 – 25» жаңа ипотекалық бағдарламасын бекітіп, оны жүйелі іске асыруды ұйымдастыратын «Баспана» ипотекалық компаниясын құрды. Маусым айында Парламент бағдарламаны тиімді іске асыруға арналған заң жобасын мақұлдады. Аталған бағдарламаның бұдан бұрынғы жобалардан ерекшелігі көп. Жылдық мөлшерлемесі 7 пайызды құраса, бастапқы жарна – 20 пайыз, ал несиені 25 жылға дейін беру көзделіп отыр. Бағдарлама талабы бо­йынша өтініш беруші Қазақстан азаматы болуы шарт, екіншіден, қарыз алушыда кәсіпкерлік немесе еңбек қызметінен түсетін табыс болуы керек. Үшіншіден, қарыз алушыда үй сатып алуға, оның құрылысына немесе оның жөндеуіне арналған несиелер бойынша өтелмеген қарыздар болмауы шарт. Төртіншіден, ел аумағында отбасының әр мүшесіне шаққанда 15 шаршы метрден аспайтын жатақхана бөлмелерінен, апатты жағдайдағы үйлерден өзге баспанасы болмауы тиіс. Ал сатуға қойылатын тұрғын үйлерге қойылатын талап – жаңа салынған я болмаса пайдалануға берілген, яғни ешқандай қосымша құрылыс жөндеу жұмыстарын қажет етпейтін болуы тиіс.

Тұрғын үй алудың шарттары бекітілді

Аталған бағдарлама шең­бер­ін­де тұрғын үйдің ең жоғарғы құны Астана, Алматы, Ақтау, Атырау қалалары үшін – 25 млн теңге, ал өзге өңірлер үшін – 15 млн теңгені құрайды. Тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің құнына, сондай-ақ ауданына шектеу жоқ. Сонымен қатар бағдарлама аясында ауылдық жерлерден тұрғын үй сатып алуға немесе меншік үй сатып алуға да болады. Айта кетерлігі, сатып алушылар үшін жаңа салынатын я болмаса қолданыстағы нысандар мен тұрғын үйлердің тізімі жасалмаған. Тек сатып алушы тұрғын үйді өзі таңдап, бастапқы жарнаны төлеуге қа­жет­ті қаражатымен банкке жүгінеді. Өз кезегінде банк қарыз алушы­ны тексеріп, несие беруді мақұл­дайды. Одан кейін клиент пен құры­лыс салушы я болмаса тұрғын үй сатушы арасында келі­сім жасалады да, содан соң баспана кілті жаңа үй иесінің қолына табысталады.

Егер де тұрғын үй құны 5 млн болған жағдайда бастапқы жарнаның мөлшері 1 млн теңгені құрайды да, ай сайынғы төлем мөлшері 28 мың теңге болады. Ал 10 млн теңге болса, бастапқы жарна − 2 млн теңге, ай сайынғы төлем мөлшері – 57 мың теңге. Тұрғын үй бағасы 15 млн теңгені құраса, бастапқы жарна – 3 млн теңге, ай сайынғы төлем мөлшері − 85 мың теңге. Баспана құны 20 млн теңге болса, алдын ала төленетін алғашқы жарна – 4 млн теңге, ал айына – 113 мың теңге болады.

Бағдарлама бойынша үйдің ең жоғарғы бағасы − 25 млн теңге, онда алдымен қолма-қол − 5 млн теңге аудару қажет болады да сосын ай сайын 141 мың теңге төлеу қажет.  Бағдарлама еліміздегі орта деңгейдегі тұрғындардың баспана алуына мүмкіндік береді. Әсіресе, жас отбасылар үшін тиімді болып отыр. Отбасында ипотекаға қарыз алушының  табыс көзі жеткіліксіз болған жағдайда, қосалқы қарыз алушы ретінде жарын немесе туысын тартуға рұқсат етілген. Тіпті, олардың басында баспанасы болған жағдайда да несие алуға болады. Яғни, қосалқы адамға негізгі шарттар қойылмайды, оларға талаптарды банктер өздері белгілейді.

Бағдарламаның шарты бойынша алғашқы жарнаны қолма-қол төлеуге мүмкіндігі жоқ жан­дардың Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне (ҚТҚЖБ) салынған салымдар есебінен төлеу қарастырылған. ҚТҚЖБ-да азаматтар салыстырмалы түрде төмен мөлшерлемемен яғни 3-5 пайыз қарыз алуына болады.

Ипотека беретін банктер

Таяуда Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев «7 – 20 – 25» жаңа ипотекалық бағдарламасы бойынша Астана, Алматы, Ақтау, Өскемен және Орал қалаларында алғашқы 7 несиенің берілгенін хабарлады. Бүгінгі күні несие беретін банктердің де тізімі белгілі болып отыр. Оған кез келген банктің қатыса алмайтыны түсінікті. Бұл ретте, банктерде бағдарламаға қатысуы үшін «Standard & Poor’s» агенттігінің халықаралық шкаласы болуы шарт. Сонымен қатар нарықта банктердің жиынтық активтері кемінде 3 пайыз болуы тиіс. Біздің елдегі аталған талаптарға сәйкес келетін банктер «Баспана» ұйымымен келісімге келіп үлгерген. Олардың қатарында Центркредит, Халық банк, Еуразиялық банк, Цесна банк, АТФ Банк, РБК Банкі және Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі бар. Алдағы уақытта бұл тізімге Сбербанк пен Форте банк та қосылмақ. Бағдарлама бойынша қарыз алу теңгемен жүргізіледі. Ал өз кезегінде қарызды бергені және оған қызмет көрсеткені үшін банктерге комиссия алуға тыйым салынған. Жоспар бойынша аталған бағдарламаны іске асыру аясында банктердің ипотекалық портфелі кем дегенде 1 трлн теңгеге ұлғаяды деген жоспар бар.

Несие тарихы «таза» болуы маңызды

Ескеретіні, «7 – 20 – 25» жаңа ипо­­те­калық бағдар­ла­ма­сына өтел­­меген ипотекалық қары­зы барлар, бұған дейінгі несие тарихында уақытылы тө­­лем жүргізбегені тір­кел­ген­дер я болмаса мүлдем қары­­­зын қайтармағандар қаты­­са алмайды. Сонымен қатар бағ­дар­ла­мада бүгінгі күн­ге дейін алын­ған ипо­тека­­лық қарыздарды қай­та қар­­жы­ландыруға шектеу қо­­йыл­ған. Сатып алушы та­ра­пынан ипотекалық қарыз уақытылы өтел­меген жағ­дайда банк кепіл­дікке қойыл­ған мүлікпен қарызға алынған үйді қайтарып алуға құқылы.

«7 – 20 – 25» жаңа ипо­те­калық бағ­дарламасы биылғы жылдың шіл­десінен бастап беріле бас­тады. Оның нақты аяқталу мерзімі белгіленбеген. Жобаның «өмір­шеңдігін» қатысушылардың бел­сенді­лігі анықтайтын болады.  Статистикалық мәлі­мет­­терге сүйенсек, елдегі ипо­текалық несиелеу нары­ғында соңғы 10 жылда өсім көңіл көншітерлік емес.

ІЖӨ-дегі банк секторының ипотекалық үлесі 5,3 пайыздан, 2,2 пайызға дейін төмендеген. Егер 2007 жы­лы ипотекалық тұр­ғын үй қарыздарын беру көлемі − 418 млрд теңге болса, 2017 жылы 357 млрд тең­гені құра­ды. Бұған дейін елі­міздегі ипоте­калық несие беру бойынша пайыз­дық мөл­шер­леме 10 пайыздан тө­мен болмаған. Сондықтан да жұрт­­шылықтың еселеп несие төлеуге құлық танытпағаны түсінікті. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін «7 – 20 – 25» жаңа ипотекалық бағдарламасы іске қосылып отыр. Оның тиімділігі мен пайдасын уақыт көрсетері анық.
Дереккөз: egemen.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.