Жамбыл облысында біліктілігін арттыру курсын оқыған 100 имамға сертификат табысталды

0 4

Ағымдағы жылдың 18 тамызы күні Тараз қаласындағы «һибатулла Тарази» медресесінде Жамбыл облысы әкімдігі Дін проблемаларын зерттеу орталығының тапсырысымен «Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында деструктивті діни идеологияға қарсы иммунитет қалыптастыру мақсатында Жамбыл облысы имамдарының біліктілігін арттыру курсы» жобасының жабылу салтанаты өтті. Бұл туралы «ZhambylNews» Aқпараттық Aгенттігі хабарлайды.

Имамдар облыстық «Һибатулла Тарази» медресесінде барлығы 84 сағаттық оқу бағдарламасын 2 аптада меңгеріп шықты. Олар «Қазіргі таңдағы хадистану мәселелері», «Матуриди ақидасы», «Мұсылманның құқықтық негіздері», «Қазіргі таңдағы талас-тартыс мәселелері», «Қазіргі таңдағы ақида мәселелері», «Конфликтология», «Дағуат негіздері мен тәсілдері», «Қазіргі таңдағы фиқһ мәселелері», «Дін психологиясы», «Террология», «Дін туралы мемлекеттік Заңдар» және «Риторика»  пәндері бойынша терең білім алды.

Аталмыш пәндер бойынша профессор Мурат Абзелбаев, з.ғ.к, доцент Есбол Өміржанов, PhD доктор, доцент Қайрат Назарбек, PhD доктор, доцент міндетін атқарушы Қайрат Құрманбаев, PhD доктор, доцент міндетін атқарушы Асқар Акимханов, философия ғылымдарының докторы, доцент Рашид Мухитдинов, Дінтану магистрі, PhD докторант Нұржан Стамбакиев, Исламтану магистрі, PhD докторант Ризабек Батталұлы, исламтану магистрі Асқар Сабдин, исламтану магистрі Данияр Сулейменов, исламтану магистрі Наздан Маукен, дінтану магистрі Ернар Есімқұлов сынды оқытушылар білім берді.

Мемлекеттік әлеуметтік жоба шеңберінде өткен шараға Тараз қаласы және Меркі, Сарысу, Байзақ, Жамбыл, Мойынқұм, Жуалы, Қордай, Талас, Шу аудандарымен қатар Т.Рысқұлов ауданының имамдары да қатысып, өз біліктіліктерін көтерді.

Аталған жиынды Жамбыл облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Ж.Омаров құттықтау сөзімен ашып берді. Өз сөзінде басқарма басшысы: 84 сағаттан тұратын 2 апталық курста Тараз қаласы мен аудандар көлемінен 100 жас имам біліктілігін арттырып, облыс көлеміндегі мешіт жамағаттарының арасында кездесетін деструктивті діни идеологияның алдын алу, сыңаржақ бағытта жүрген азаматтарға ғылыми тұрғыда дін мәселелерін түсіндіріп бере алатын имамдар корпусы қалыптастырылғанын айтып, арнайы сертификаттар табыстады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.