Астанада Нұрсұлтан Назарбаев «Бір белдеу — бір жол» идеясының бесжылдығына арналған Қазақстан-Қытай бизнес форумындағы видеоүндеуінде қытайлық кәсіпкерлерді қазақ еліне инвестиция салуға шақырды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» ақпараттық Агенттігі Baq.kz сайтына сілтеме жасап.
Сонымен қатар ол қазақ елінде жекешелендіру белсенді жүргізіліп жатқанын алға тартты.
«-Қазақстан мемлекеттік кәсіпорындарды кеңінен жекелешелендіру науқанын жүргізуде. Тау-кен, металлургия өнеркәсібінде, мұнай-газ, транспорт, байланыс және басқада салалардағы компаниялардың ірі акциялары сатылымға шығарылды. Сонымен қатар жекешелендіруден басқа біз мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде байланыстарды жүзеге асырамыз. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, денсаулық сақтау, құрылыс, автомобиль, теміржол және басқа салалардағы жобалар бойынша жұмыс жүргізілуде», — деді Қазақстан президенті.
Сөз соңында Елбасы биыл өз жұмысын бастаған «Астана» халықаралық қаржы орталығына тоқталды.
«-Болашағы бар, өзара тиімді бизнес жүргізудің тағы бір жолы — «ЭКСПО-2017» көрмесінің базасында құрылған «Астана» халықаралық қаржы орталығы. Ол Нью-Йорк, Сингапур, Лондон, Дубайдағы қаржы орталықтарының принципі бойынша жұмыс істейді», — деп түйіндеді сөзін президент.