Жамбыл облысында жас ақын-жазушылардың кеңесі ашылады. Бұл туралы облысқа Алматыдан келген Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулетпен кездесу барысында айтылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі .
Жиында одақтың облыстағы филиалының атқарған жұмысы мен алдағы жоспары тыңдалды. Филиал төрағасы Хамит Есаман алдағы уақытта жамбылдық жас ақын- жазушылардың кеңесі ашылып, жыр жинақтарын шығару қолға алынатынын айтты. Өмірден өткен ақын-жазушыларды еске алу, жыр кештерін өткізу де ұйымдастырылатынын жеткізді.
Есептік баяндамадан кейін кездесу еркін форматта жалғасты. Жазушылар Одағының алдағы жоспарлары таныстырылды.
Сонымен қатар, Ұлықбек Есдәулет Жазушылар одағының басындағы проблеманы жасырмай айтып, одан шығу үшін нақты жұмыс жасалып жатқанын баяндады. Атап айтар болсақ, одақтың бұрынғы басшылардан «мұра» болып қалған 57 миллион теңге қарызы бар көрінеді. Міне, осы қарыздардан құтылу үшін ақын басшылардың табанын тоздырып жүргенін жеткізді. Мәселен, ол Үкімет басшысының қабылдауында болған кезде одақтың басындағы күрделі мәселені жеткізіп, Бақытжан Әбдірұлының «көмектесеміз» деген уәдесін алған.
Сөз соңында ақын қолдау білдіріп, арнайы Әулиеатаға шақырғаны үшін Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовке және ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәлиұлына алғысын жеткізді.
Айта кетейік, ақын-жазушылар кеңесі — өнер және әдебиет саласында әдістемелік-сараптамалық жұмысты жүзеге асыру үшін құрылған консультативтік-кеңестік орган болып табылады. Сондай-ақ, кеңестің негізгі міндеттері: жастарға қатысты кешенді әдебиет және өнер салаларының басым бағыттарын анықтау, оны қалыптастыру және іске асыру; жеке және заңды тұлғалармен, шығармашылық одақтар, ассоциациалар және тағы басқа қоғамдық маңызы ұйымдармен бірлесе отырып жұмыс жүргізу; жастардың түрлі заманауи форумдарға, конференцияларға, жиындарға қатысу және Министрліктің шешімдерін талқылау мен қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірін ескере отырып жұмыс жасау, мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардың жобаларын және тағы басқада жастарға қатысты өзге де маңызды сұрақтарын талқылау; шығармашылық қайраткерлермен жұмыс барысында туындаған мәселелерді шешуде орталық және жергілікті атқарушы органдарға консультативтік көмек көрсетеді.