Ағымдағы жылдың 7- 8 қыркүйегінде Жамбыл облысы Ішкі істер департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері және Тараз қаласы Ішкі істер басқармасы Жол-патрульдік полиция батальонының қызметкерлерімен бірлесіп, облыс орталығының көшелеріндегі жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында рейд жүргізді. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Бірлескен рейд барысында барлығы- 645, оның ішінде қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін- 38 және жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін 607 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
Мысалы, көлік құралын мас күйінде басқарған үш жүргізуші ұсталды, нөмірлік белгілері жоқ алты автокөлік анықталды, сондай- ақ 19 жағдайда жүргізушілердің өзімен бірге тиісті құжаттары болмағаны белгілі болды.
Сонымен қатар, темір жол вокзалы аумағында Айтиев және Байзақ батыр көшелерінің қиылысындағы тонау қылмысы ізін суытпай ашылды.