Астананың «Жастар театры» Таразда

0 0

Астананың  «Жастар театры» Жамбыл облыстық қазақ драма театрының сахнасында Б.Бекжановтың «Өмір» драмасының премьерасын ұсынды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Әр адам – өз өмірінің иесі. Өмірдің өзіне ұсынған сыйы мен сынына бірдей әділ, адал жауап беру кейде сол пенденің ырқынан тыс болып жатады. Адамның бүкіл өмір жолы: пендешілігі де, шалт басып, адасып, құлдырауы, құлауы да, қайтадан тұрып, биіктеуі де өз айнасынан көрінетін драмадан көрермендер шынайы Өмір суретін көрді.

Шығарма кейіпкерлері: ӨМІР, АЙНА, САНА, АРДА – тек қана оқиғаны өрбітуші ғана емес, жаһандану дәуірімен бірге құндылықтары өзгерген қоғамның боямасыз мінездер мозайкасын түзуші келбеті де. Ұлт ертеңі мен ұрпақ арасындағы нәзік тін – тек пен тамыр мәселесіне терең үңілтіп, заманның запыранға толы ащы шындығын суреттейтін қойылым көрерменін де бей-жай қалдырмады.

Драмада кейіпкерлер өз рольдерін еш боямасыз, барынша шынайы шығарып, көрерменді актерлік шеберліктерімен тәнті етті.

Премьера соңында сөз алған драманың қоюшы-режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай жазушы-драматург Болат Бекжановтың «Өмір» атты осы драмасын сахналауға кідірмей келісіп, бірден кірісіп кеткенін, өйткені бұл драма – бүгінгі күн тақырыбына жазылған, шынайы өмір суреті шебер жеткізілген туынды екенін айтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.