Жамбыл облысында айдын-көлдерді балықтандыру науқаны жалғасуда, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Бұл атқарылып жатқан жұмыстар балық шаруашылығын дамыту жоспарына сәйкес жүзеге асып отыр. Осыған орай, Жамбыл ауданына қарасты кіші Ақкөл су айдынына 10 000 майда шабақ жіберілді.
Кіші Ақкөл – биылдыққа балықтандыру жұмыстары жүргізіліп жатқан 47-ші көл. Мұнда қазір сазан, карп, тұқымдас балық түрлері бар. Балықтың барлық түрі болғандықтан, келушілер де көбейген. Әсіресе, жаз мезгілінде күніне 500 ге жуық балықшы көл жағасын толтырыпты.
Қазіргі таңда Жамбыл облысында есепте тұрған 117 су айдыны бар. Олардың барлығы жеке кәсіпкерлердің иелігіне берілген. Ал, кәсіпкерлер көлді балықтандырып, айналасын тазартып, келушілерге қолайлы жағдай жасауы керек. Дегенмен, табиғатты таза ұстау, қоршаған ортаны қоқыстан тазарту қоғамға ортақ мәселе болуы тиіс.
— Біз әрдайым көлдің тазалығымен жұмыс жүргізіп отырамыз. Таза орында отырып, демалған кімге болса да жақсы ғой. Сондықтан, келушілердің барлығына ескертіп отырамын. Көлді, айналаны, жағалауды қоқыстан сақтайық. Пластмасса, целофан материалдары ұзақ уақытқа дейін шірімей жата береді ғой. Кейін ол қоғамға зиян келтіруі мүмкін, — дейді көлге қараушы Мейірбек Шанбаев.
Күздің күні балықтардың залалдануы күрт төмендейді жəне балық өсіру мерзімі аяқталады. Сонымен қатар, қазан, қараша айлары балық жіберуге қолайлы мезгіл. Сол себептен де балықтандыру осы мезгілде жүргізілетін көрінеді. Ал, сала мамандары алдағы айдың аяғына дейін су айдындарын толықтай балықтандырып бітіреміз деп отыр.