Тараз қаласында ұлттық құндылықтарды дәріптейтін «Ғибрат» орталығы ашылды

0 11

Таразда «Қала күніне» орай ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртып, ақсақалдар кеңесін өткізуге арналған «Ғибрат» орталығы ашылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Нысан 240-ш.м. аумаққа орналасқан. Жалпы құны — 226 млн. теңге.

«Ғибрат» көне түрік сөзі — үлгі өнегелік, тәлім-тәрбиелік деген мағынаны білдіреді.

Ұлы Абай атамыз өзінің 38-ші қара сөзінде «Пікірленбек соңы ғибраттанбақ болса керек. Бұл ғақыл, ғылым — екеуі де өзін зорға есептемекті, залымдықты, адам өзіндей адамды алдамақты жек көреді» — деп айтқан екен.

«Ғибрат» орталығын облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркімбек Солтыбаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының экс-депутаты, қоғам қайраткері Александр Савченко ашты.

Салтанатты шараға Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов, қала әкімі, қоғамдық кеңес мүшелері мен қала тұрғындары қатысты.

Қайрат Рысқұлбеков саябағындағы «Ғибрат» орталығының Ардагерлер үйімен қатарласа орналасуының өзіндік мәні бар.

Бұл игі бастама ұмытылып бара жатқан халқымыздың салт-дәстүрлерін жаңғыртуға, өсіп келе жатқан ұрпағымызға тәлім-тәрбие беруге, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруға өз септігін тигізбек.

Сонымен бірге қала инфрақұрылымына ұлттық және сәулеттік ерекшелік енгізіп, шағын бизнесті дамытуға мүмкіндік береді.

Жалпы, аталған саябақта балалар ойын алаңшасы, ролик, шахмат, баскетбол, футбол, спорттық снаряд алаңшалары, сауда дүңгіршектері бар.

Сондай-ақ, ұзындығы  633 метрді құрайтын веложол салынған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.