Нұрсұлтан Назарбаев Дінзухра Тілендиеваны қабылдады

0 6
Нұрсұлтан Назарбаев «Отырар сазы» мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрінің жетекшісі Дінзухра Тілендиеваны қабылдады, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА Ақордаға сілтеме жасап.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында мәдениет пен өнер саласына тұрақты түрде қолдау көрсетудің маңызды екенін атап өтті.

– Сіздің әкеңізбен ұзақ жыл бойы жақсы таныс болдық. Академиялық деген атағы бар «Отырар сазы» оркестрі сол кісінің есімімен аталады. Кезінде бұл оркестрде 6 адам бар еді, қазір 66 музыкант жұмыс істейді, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев рухани жаңғыру бағдарламасында көрсетілген міндеттерді орындау ісінде фольклорлық-этнографиялық оркестрдің рөлі ерекше екенін айтты.

– Гастрольмен Францияға бардыңыздар, Астанада өнер көрсеттіңіздер. Халқымыздың музыкалық аспаптарын бүкіл әлемге танытып жүрсіздер. Төл өнерімізді дәріптеу мақсатымен Ұлттық домбыра күні де бекітілді. Оны мерекелеуге 1 мыңнан астам домбырашы қатысты. Мұның бәрі «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бағыттарына сай келеді. Сіз ұлы композитор Нұрғиса Тілендиевтің ісін жалғастырып келесіз, сол үшін алғыс айтамын, – деді Елбасы.

Дінзухра Тілендиева ұлттық өнер саласын дамытуға зор мән беріп отырғаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс білдіріп, еліміздегі даму бағдарламаларын қолдап, атсалысатынын айтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.