1-желтоқсан — ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Жамбыл облысында 41 нысан ашылады. Олардың қатарында медициналық пункттер, дәрігерлік амбулаториялар мен жекеменшік балабақшалар бар, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Жолдауында медициналық қызметтің сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды компоненті болып табылатындығы және ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігі басым бағыттардың бірі ретінде белгіленді. Осыған орай, облыста жаңа 32 медициналық нысан ашылмақ. Оның 29-ы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде бой көтерген. 13-і ауысымына 5 келушіге арналған медициналық пункттер.
Бұдан бөлек, облыс орталығы Тараз қаласында полиция басқармасы №1 полиция бөлімінің қабылдау бөлмесі, Қордай ауданында полиция бөлімшесі, Қордай, Жуалы, Тұрар Рысқұлов аудандарында балабақшалар ашылады.