Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Қарақат ауылының тұрғындары үшін медициналық қызмет бүгіннен бастап қолжетімді болады. Өйткені, ауылда 10 келушіге арналған фельдшерлік-акушерлік амбулатория пайдалануға берілді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Қарақат ауылының тұрғындары ҚР Тұңғыш Президенті күні мерекесін ерекше көңіл-күймен қарсы алды. Өйткені, тұрғындар үшін біраздан бері мәселе болып жүрген медпункт жайы өз шешімін тапты.
— Көптен бері осындағы қарттар мен келіндеріміз, балаларымыз үшін ем қабылдау, қан қысымы көтеріле қалған жағдайда алғашқы көмек жайы шешімін таппай жүр еді. Ауыра қалсақ жедел-жәрдем келіп, алғашқы көмек көрсеткенше бірталай уақыт кетіп қалатын, — деді ауыл тұрғыны Үмбет Жанәділов.
Үмбет ақсақалдың жасы — 72-де. Жылдар бойы ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен. Қазір ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі. Сондай-ақ, «Дәулетбай» шаруа қожалығының басшысы. 5 ұл 2 қыз, 22 немере мен 13 шөбере сүйіп отырған ауыл қариясы. Қазыналы қарт мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлыққа дән риза.
— Елбасының биылғы Жолдауын мұқият тыңдадым. Соның ішінде ауыл тұрғындарының жағдайын жақсартуға, экономикамызды көтеруге баса көңіл бөлініп келеді. Міне, ауылымызда ашылған мынау әлеуметтік нысан соның бір көрінісі. Бұдан артық не керек? Жақында Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Мемлекет басшысының да мақаласымен таныстым. Енді рухани баю керек. Сонда зайырлы, алдыңғы қатарлы ел боламыз. Жастарымызды тәрбиелейік, — деді ақсақал.
Айта кету керек, аймақтағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бой көтерген 29 медициналық нысанға барлығы 843 миллион теңге қаржы жұмсалған. Аталған мемлекеттік жекешелік әріптестік шеңберіндегі бұл нысандардың құрылысын салу барысында өзге өңірлердегі бюджеттік инвестициялық жобалармен салыстырғандағы құны төмен болып, 1,4 млрд теңге бюджеттік қаражат үнемделді.