Жамбыл облысында қылмыстық топ құрықталды

0 2

Жамбыл облысы Полиция департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Қырғызстаннан Қазақстанға аса ірі көлемде есірткі заттарын тасымалдаумен және өткізумен айналысқан трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтарды анықтау бойынша белсенді жұмыстар жүргізуде. Нәтижесінде, Ағымдағы жылдың 19 қаңтары күні жедел іс-шаралар жүргізу барысында есірткі трафигіне қатысы бар тұлғалар анықталды. Бұл туралы «ZhambylNews» АА облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес, Есірткі бизнесіне қарсы күрес, Криминалдық полиция, Тергеу, Оқу-жаттығу взводы, Жедел-криминалистикалық басқармаларының және ҚР ҰҚК ШҚ «Оңтүстік» аймақтық басқармасының қызметкерлерімен Жуалы ауданында және Астана қаласында сегіз адамнан тұратын топ құрықталды. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде 11 келі марихуананың сирек кездесетін  түрі (үнді қарасорасы) анықталып, тәркіленді. Аталған есірткі затын Қырғызстаннан 3 000 000 теңгеге алып, Қазақстанда үш еседен қымбат бағаға сату жоспарланған.

Қазіргі таңда Жамбыл облысы Полиция департаментімен ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлімі 1-тармағымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ұсталғандардың барлығы уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.