Сарысу ауданы қарасты Шығанақ ауылында аудан әкімі Балабек Нарбаев және Қамқалы ауылдық округ әкімі Алпысбай Исабаев өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы өз есептерін берді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Есептік жиынға аудандық мәслихат хатшысы Сағымбек Бегеев, аудандық құқық қорғау органдары, аудан әкімдігінің бөлімдері мен мекеме басшылары, ауыл тұрғындары қатысты.
Аудан әкімі Балабек Жанбекұлы өз баяндамасында аудан көлемінде жыл ішінде атқарылған жұмыстарымен қатар, алдағы уақытта жүзеге асар ауқымды істер туралы баяндады.
Өз есебінде аудан басшысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларына, биылғы жылдың 5 қазанында Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауынан туындаған міндеттерге тоқталып өтті.
— Елбасының Жолдауы — аса маңызды әрі жауапты тарихи мәні бар құжат. Жолдауда айтылған мақсаттардың жүзеге асуына біз де атсалысып, жұмыла жұмыс жасауымыз қажет. Жылдан-жылға медицинада, білім саласында да үлкен өзгерістер болып жатыр. Бағдарламалық құжаттың басты мақсаты инфрақұрылым мен технологиялық басымдықтарды дамытуға бағытталған. Сіздердің қолдауларыңыз бен азаматтық жауапкершіліктеріңіздің арқасында Елбасы қойған тапсырмаларын тиімді және сапалы орындайтынымызға сенім білдіремін, — деді ол.
Есептік жиында жарыссөзге шыққан Қамқалы ауылының тұрғыны М.Абуов аудан әкімінің жұмысына оң бағасын берді.
– Ауылда медпункт ашылып, ауыз су мәселесі шешімін тапты. Бұл игілікті істер үшін аудан басшысына тұрғындар атынан алғысымыз шексіз. Ал, берілген есептерді қанағаттанарлық деген бағамды беремін, — деді.
Ал, Қамқалы ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Жолдыбай Әбуов ауылға кітапхана қажеттілігі жайлы және Жайлаукөл елді мекеніндегі ауыз судың әршаңыраққа жеткізіліп беруі туралы маңызды мәселелер көтерді. Бұл мәселе бойынша ауыл әкімі нақты жауап беріп, ауылдан кітапхана ашылу жөніндегі мәселе аудан басшысы Балабек Жанбекұлының тікелей атсалысуымен шешімін тапқанын жеткізді.
Есепті жиынды қорытындылаған аудан әкімі айтылған ұсыныс-пікірлерге жауап беріп, алдағы күнде шешілетін жолдарын қарастыратынын айтты.