Қоғамдық тәртіп — қатаң бақылауда

0 17

Қоғамдық тәртіп қашанда қатаң бақылауда болуы шарт. Бұл орайда тәртіп сақшыларына артылар міндет мол. Әсіресе, тұрмыстық мәселелердің шешілуі, халықты алаңдатқан қылмыстардың ашылуы, олардың алдын-алу шаралары тиянақты түрде атқарылғаны маңызды. Облыстық полиция департаментінің өткен жылғы есебін тыңдаған облыс әкімі Асқар Мырзахметов осыны қадап айтты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Есепті жиында баяндама жасаған аталмыш департамент басшысы Арман Оразалиев алдымен нәтижелі жұмыстарға тоқталды. Ол тіркелген қылмыстың төмендегенің жеткізді. Сондай-ақ, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында арнайы топ құрылғанын айтып, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы іс-шаралар да қабылданғанын тілге тиек етті. Бүгінде Тараз қаласындағы 98 білім мекемесін мектеп инспекторларымен қамту мәселесі толығымен шешілген.

Сонымен қатар, қазір полиция департаменті тарапынан мал ұрлығына қатысты арнайы топ құрылып, бұл орайда аудандарда жұмыс қолға алыныпты. Яғни бұл топ әрбір ұрлық дерегі бойынша жекелей айналысады. Нәтижесінде мал ұрлығы аймақта 39 пайызға төмендеген.

Айта кету керек, қазіргі таңда барымташылардың жолын кесу үшін төрт уәкілетті орган бірігіп, «Фазенда» жедел іздестіру шарасын қолға алған.

Жиында жасөспірімдер қылмысы мен мал ұрлығынан бөлек, қалта ұрлығы, қоғамдық көлік мәселелері де көтерілді. Сондай-ақ, учаскелік полициялардың өздері жұмыс істейтін ауылда тұру қажеттігі де сөз болды. Жыл бұрын өңір басшысы бұл мәселеге орай нақты тапсырма бергенімен, әлі күнге дейін түбегейлі шешілмей тұр. Атап айтсақ, 60 ауылдық инспектор бүгінде өзге ауылдардан қатынап істейді. Қара түтіні будақтаған қоғамдық көліктердің қозғалысын тоқтату да берілген тапсырманың бірі болғанымен, мәселе нақты шешілмеген.

Асқар Исабекұлы атқарылған жұмыстардың өзіндік нәтижесі бар болғанымен, атқарылатын шаруаның аз еместігіне тоқталды. Өңір басшысы, учаскелік полициялардың жұмысын жүйелендіруді, мектеп инспекторларының функционалдық міндетін нақтылауды, жеке құрамның жұмысын күшейтуді баса айтты. Ең бірінші кезекте, халықты алаңдатып отырған мәселелердің алдын-алуды бақылауда ұстауды тапсырып, биыл техникалық базаның біршама жаңартылатының айтып, соған орай талап та артатынын жеткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.