Ағымдағы жылдың 11 ақпаны күні Жамбыл облысы әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» КММ-нің қызметкерлері Алмас Құлымбетов пен Ерзат Жақыпов М.Х. Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университеті студенттерімен «Дін және жастар» тақырыбында кездесу өткізді. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасының негізгі мәселелері, дін саласындағы мемлекеттік саясаттың принциптері, Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының мақсаты мен міндеттері, облысымыздағы діни ахуалдың жағдайы, деструктивті діни ағымдардан сақтанудың жолдары, ұлттық құндылықтардың дәстүрлі дінмен сабақтастығы, діни экстремизм мен терроризмнің қоғамға қауіптілігі жөнінде ақпараттар берілді.
Сонымен қатар, экстремистік және лаңкестік әрекеттерге шақыратын аудио, бейне, мәтіндік материалдарды ғаламтор-ресурстарында, әлеуметтік желілерде таратудың жауапкершіліктері туралы түсіндірілді.
Кездесуге қатысушы студенттер тарапынан экстремистік ағымдардың идеологиясының ерекшеліктері, қаржыландыру көзі, қылмыстық-құқықтық жауапкершіліктердің түрлері жөніндегі сұрақтар қойылды.