Жамбыл облысында шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерінің саны 63,1 мыңды құрады. Бұл туралы бүгін Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасы «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» алаңында өткен брифингте облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Мәріпбек Шәкербек айтты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Мәріпбек Шәкербекұлы атап көрсеткендей, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен түсетін салықтық түсімдер 2018 жылдың 11 айында облыс бюджетіне 27,1 млрд.теңгені немесе бюджетке түсетін түсімдердің жалпы көлемінің 35%-ын құрады.
Бүгінде Палатаның сүйемелдеуінде құны 2,3 млрд.теңгенің 615 жобасы бар, қаржыландыру мен бизнес жүргізуге қажетті рұқсат беру құжаттарын алу бойынша да оң нәтижеге қол жеткіздік. Сервистік қолдау аясында 2 287 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне 3 070 қызмет көрсетілді.
Тағы бір жаңалық. Өңірлік палата республика бойынша қаржыландыру жоспарында 3 орынға тұрақтады.
«Облыста Гео карта әзірленді, құны 15,6 млн. теңге, инженерлік инфрақұрылым, бас жоспар, егжей-тегжейлі жоспарлау жоспары бар. Бізбен кәсіпкерлерге қажетті ақпараттардың көрсетілу мәнін анықтау үшін бұл Карта зерделенді, алайда өкінішке орай ондағы ақпараттар сапасыз көрсетілген. Қорытындысы бойынша Тараз қаласы әкімінің атына ескертулер жасалды (картада бос жер учаскелері, коммуналдық және инженерлік желілер және т.б. көрсетілмеген, жоспарланған жер сауда-саттықтары туралы ақпарат орналастырылған.)», — деді Мәріпбек Шәкербекұлы.
Сонымен қатар, Құны 26 млн.теңгені құрайтын Жамбыл облысының жер ресурстарының электрондық картасы құрылған болатын. Алайда облыс әкімі тарапынан ескертулер болып, қазір қайта қаралуда.
Қазіргі таңда Жамбыл облысының электр желілерін дамытудың карта-сызбасын әзірлеу бойынша жұмыстар басталды, құны 9,8 млн.теңгені құрайды.
«Біз бос тұрған ғимараттарды түгендеу бойынша жұмыстар жүргіздік, барлығы 46 үй-жай анықталды, сондай-ақ құрылатын шағын индустриалдық аймақтарға қатысу үшін 40 кәсіпкерден өтініш жиналды, оның ішінде «Бизнестің жол картасы 2020», сондай-ақ «Бизнес Бастау»бағдарламалары шеңберінде қаржыландыру алған жобалар бар. Ал көше саудасы үшін бизнеске бос орындар ұсыну жөніндегі бағдарламаны іске асыруға қатысты, бүгінгі таңда Палатаның бастамасымен жергілікті атқарушы органмен бірлесіп Тараз қаласындағы «100 орын – көше саудасы» үшін бизнеске бос орын беру бағдарламасы әзірленді. Оның шеңберінде «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жанынан арнайы құрылған комиссия (құрамы 5 адам) арқылы көше саудасы объектілерін орналастыру үшін жер учаскелерін беру ережесі әзірленді және бекітілді, оған кәсіпкерлер палатасынан 2 өкіл (кәсіпкерлер палатасы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы және Палата қызметкері) кірді. Бүгінгі күнге дейін 4 аукцион өткізіліп, көше саудасы үшін 25 жер телімін беру келісім-шарты жасалды, — деді Мәріпбек Шәкербекұлы.