Шу ауданы әкімі жылды қорытындылады

0 7

Төле би ауылындағы мәдениет үйінде аудан әкімі  Қайрат Досаевтың 2018 жылғы ауданның әлеуметтік-экономикалық жай күйінің қорытындылары туралы есепті жиыны өтті. Аталған жиынға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Мұратхан Жүнісәліұлы Шүкеев қатысты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Қайрат Әскербекұлы жиналғандарға жыл бойы атқарылған жұмыстар туралы баяндап, келесі жылдың жаңалығын жария етті. Барлық сала бойынша аудан көлемінде жүйелі жұмыс жасалған. Атап айтқанда, теміржолшылар шаһарындағы 75 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға беріліп, бірінші кезекте әлеуметтік аз қамтылған отбасылар қоныс тойын тойлады.

Ескі-Шу ауылдық округі Белбасар ауылында заманауи талапқа сай спорт кешенінің құрылысы басталып, ағымдағы жылы пайдалануға беріледі. Құны 500 млн. теңге болатын бұл құрылысты қоғам қайраткері, меценат Б.Сауранбаев «Туған жерге туыңды тік» атты ұранды ұстанып, ауылыңа тарту етпекші. Әлемдік байрақты бәсекелер Белбасарда  өтетін күн жақын.

Аудан руханиятының мәйегі мәдениет. Бұрын өртенген музей мәселесіне өткен жылы нүкте қойылды.  Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың тікелей қолдауымен аудан орталығында ескі ғимарат сатып алынып, жөндеуден өтті. Ашылу алдында тұрған аталмыш нысанның бүгінде ішкі әшекелеу мен  тақырыпқа сай орналастыру жұмыстары жүргізілуде.

Спорт саласында айтарлықтай жемісті жұмыстар жасалған. Аудан тұрғындарының 28,9 пайызы спортпен шұғылданады. Осы көрсеткішті ұлғайту мақсатында бірқатар жоспарлар бар. Атап айтсақ,  Қосқұдық мөлтек ауданындағы «Қайрат» стадионы жөндеуден өткізу туралы құжаттар дайындалып, мақұлдауға жолданды. Сонымен қатар Төле би ауылынан жаңа спорт кешенінің жобасы жасалып, жобалау құжаттары дайындалуда.  Қиюы келгенде спортсүйер қауым қуанышқа кеңелетін болады.

Аудан басшысының баяндамасынан соң аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қазақбай Байжұманұлы сөз алып, атқарылған жұмысқа қанағаттанарлық баға берді. Сонымен қатар Мұратхан Жүнісәліұлына бірер ұсыныстар айтты. Қызылшаға берілген жоспарға жұмсақтық танытып, кедергілерді ескеруді сұрады.

Жиында әлеуметтік көмек, көшені асфальттеу, жарық орнату, жабайы иттерді ату, орталықтағы нысанға ат беру, ақын, жыршы жерлесіміз А.Бетбаев атындағы ақындар мен жыршылар мектебін ашу, ауыз су, газ, мектеп құрылысы сынды сауалдар қойылып, өңір басшысынан тиісті жауап берілді.

Қайрат Досаев Шу қаласында дәрігелердің тапшылығы бар екенін айтып, соны шешу жолында жасалған жұмыстарды жеткізді. Аудан басшысының айтуы бойынша, Шу қаласы мен аудан орталығын жалғайтын жолда бұрынғы СПТУ-24 оқу орнының ғимаратының 400 орындық корпусын баспанаға айналдырып, жас медицина мамандарын тарту, екінші  корпусына жаңа талапқа сай жастар орталығын  және бастауыш мектеп ашу жоспарланған. Алайда аталған ғимараттарды сатып алу үшін қыруар қаржы қажет болып отыр. Бұл мәселемен  облыс әкімі жақсы таныс, әрі  назарында екенін айтты.

Жиын соңында Мұратхан Шүкеев сөз алып, атқарылған жұмыстардың көп екенін атап өтті. Атқарылған шаруаларды оң бағалады. Дегенмен, ескерерлік шаруаларды жіпке тізді. Олардың дені ауыл шаруашылық саласы мен медицина мәселесі. Аталмыш сұрақтарға көрші аудандардың тәжірбиесімен танысып, шаруаларды біріктіру керектігін тілге тиек етті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.