Мойынқұм ауданының әкімі Мәден Мұсаев «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалында аудан тұрғындарын өз өтініштері бойынша қабылдады, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Қабылдауға аудан әкімінің орынбасарлары Бақытжан Есеев, Бақытжан Қалымбетов, аудан поркуроры Нұржан Әділов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Мақсат Жаманқұлов, бөлім басшылары, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері қатысты.
Сондай-ақ, кездесуге жалпы 21 адам келіп, аудан басшысына өзінің мұң – мұқтаждары мен өтініштерін бүкпесіз айтып, оған нақты жауап алды. Қабылдауға келгендер аудан әкімінен кәмелеттік жасқа толмаған балаларға берілетін мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмектің көлемін өсіруді, тұрғын үй алуға, банктегі несиесін төлеуге, тұрақты жұмысқа орналасуға, кәсіпкерлікті қорғап, қолдауға, азаматтық алуға, коммуналдық меншіктегі тұрғын үй жайын жекешелендіруге, егін егу үшін жер телімін алуға көмектесуді сұрады.
Сонымен қатар, әр азаматты мұқият тыңдаған аудан әкімі тұрғындардың өтініштерінің кейбірін сол мезетте шешіп, тиісті мекеме басшыларына тапсырма берді. Ал кейбіреуінің талап – тілектері қолданыстағы заң талаптарына сай зерделеніп, жауап берілетіндігі айтылды.