Жамбыл облысында өткен жылы 15 инвестициялық жоба іске қосылды. Бұл туралы дәл қазіргі уақытта өтіп жатқан облыс әкімі Асқар Мырзаxметовтың есепті жиынында айтылды, — деп xабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Облыс экономикасының барлық салалары оң сипатталып отыр. Басты көрсеткіш — экономиканың өсуі бойынша қысқа мерзімді экономикалық индикатор -104,6 пайыз.
«Бұл жөнінде аудан, қала әкімдерінің, басқармалардың есебінде кеңінен айтылды. Сондықтан статистикалық көрсеткіштерді қайталамай, әкімдік жұмысының тиімділігін арттыруға қатысты қабылданған шараларға кеңінен тоқталғанды жөн санап отырмын. Өндіріс көлемі,өңдеу өнеркәсібі, негізгі капиталға салынған инвестицияартығымен орындалды. 40,3 млрд. теңгеге 15 инвестициялық жоба іске қосылды», — деді аймақ басшысы.
Кәсіпорындардың мәселелерін шешу үшін облыстағы барлық 439 қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындарға барып, әр кәсіпорынның паспорты жасақталды, қорытындысымен арнайы карта әзірленді. Карта Астанада, тиісті министрліктерде және қаржы институттарында арнайы баяндалды. Нәтижесінде, картаға енген 27 кәсіпорынға қаржылай емес және 4 кәсіпорынға қаржылай қолдау көрсетілді. Әрине, қаржы мен қолдауға мұқтаж кәсіпорындардың саны әлде қайда көп.
Ендігі жерде Елбасы тапсырмасына сәйкес Вице-Премьер Досаев мырза өңірлерді аралап, осындай тізбе қалыптастыру керектігі бойынша жиындар өткізуде. Біз бұған дайынбыз.
Инвесторларға тиімді қызмет көрсету үшін «Бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс жасайтын арнайы орталық ашылды. Оның жұмыс тәртібі бекітілді. 2025 жылғы дейін құны 2 млрд. АҚШ долларынан асатын 170 жобалар іріктелінді.