2018 жылы Жамбыл облысынан 3 мың тонна ет экспортталды. Бұл туралы дәл қазіргі уақытта өтіп жатқан есепті жиында облыс әкімі Асқар Мырзаxметов айтты, — деп жазады «Zhambylnews» Ақпараттық Агенттігі.
«Мал шаруашылығында облыстың ерекшелігін ескеріп, етті экспортқа шығаруды қолға алдық. 3 мың тонна ет, оның ішінде 1,6 мың тонна қой еті экспортталды. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 5 есеге көп және республика бойынша экспортқа шыққан қой етінің 43 пайызын құрайды»,- деді облыс әкімі.
Бүгінде облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін 183 кәсіпорын жұмыс істеуде. Бірақ, жүктемелері төмен. Соның бірден-бір себебі – шикізатпен тиімді қамтамасыз етілмей отырғандығы.
Осы орайда, Картаға сәйкес 1,5 мың қосалқы шаруашылықтарды біріктірумен 55 кооператив құрылды. 12 мың тонна өнім өндірілді. Кәсіпорындардың жүктемесі 10%-ға көтерілді. Жоспар — кооперативтерді барлық ауыл округтерде құру.
Жалпы салаға мемлекеттік қолдауды 16 млрд. теңгеден 20 млрд. теңгеге жеткіздік. Нәтижесінде, қолдау алушылардың саны 1300 тауар өндірушіге көбейді.