Облыста барлық мектеп интернетке қосылды. Өткен жылы барлық аудандар мен Тараз қаласында 14 IT сынып, облыс орталығында дарынды балаларға арналған IT лицей-интернат ашылды. Бұл туралы облыс әкімі Асқар Мырзаxметов дәл қазіргі уақытта өтіп жатқан есеп жиынында айтты, — деп xабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Өңір басшысының айтуынша, «Күнделік» жобасына қосылған мектептердің үлесі 34%-дан 100%-ға жетті және барлық мектеп цифрлық білім беру ресурстары порталына қосылды. Балабақшаға балаларды кезекке қою және жолдама алу (edugarden.kz), мектепке 1 сыныпқа қабылдау (eduschool.kz.), педагогтарды жұмысқа қабылдау (jumys.sitsen.kz), техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі 100% автоматтандырылды.
«Биыл білім нысандары бейнебақылау құралдарымен толығымен қамтамасыз етіледі. Өткен жылы 97%-ға жеткіздік. Оқушылар арасындағы құқық бұзушылық 18 пайызға төмендеп отыр. Дегенмен, кейбір мектептерде әлі де жоғары. Сондықтан, өткен жылы қабылданған мектеп инспекторларының жұмыс ережесін ескеріп, сол мектептерге бекітілген инспекторлардың және мектеп басшылығының жауапкершілігі қаралады»,- деді Асқар Мырзаxметов.
Сондай-ақ, инспекторлар мен мектептердің қамтылуын 100 пайызға жетті. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына мемлекеттік тапсырысты орналастырудың арнайы ережесі қабылданды. Мақсат — бюджетті тиімді пайдалану мен мамандарды жұмысқа орналастыру.
2018-2019 оқу жылына гранттарды 5 мыңға жеткіздік және жұмысшы мамандықтардың грантын 49 пайыздан 66 пайызға көтердік. Керісінше, экономикалық, заңгер мамандықтары қысқартылды.
Жамбыл политехникалық колледжі мен Құлан ауылшаруашылығы колледжі базаларында заманауи оқу орындарын құру бойынша қаржы бөлініп, жұмыстар басталды. Ал Елбасының «5 әлеуметтік бастамасы» аясында 5 жатақхана құрылысы басталды.