Облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашевтың төрағалығымен бейнеконференция режимінде азық-түлік бағаларын тұрақтандыру штабының отырысы өтті. Онда негізгі азық-түлік бағасын тұрақтандыруға бағытталған шаралардың орындалу барысы қаралды , – деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.
Жиын барысында Берік Болатұлы жыл басынан бері 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлардың 12 атауы бойынша әлеуметтік азық-түліктердің бағасы жоғарылағанын, сондай-ақ, Жамбыл облысы бірден-бір пиязды үлкен көлемде өндіретін аймақ бола тұра пияздың бағасы жыл басынан бері 62%-ға өскенін және бағаны тұрақтандыру мақсатындағы жұмыстардың өз деңгейінде жүргізілмегендігін атап өтті.
Осыған байланысты ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының м.а. Жандос Жақыпов негізгі азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндаса, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының м.а. Данияр Жаманқұлов, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайсар Сарытай және Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Несіпбеков азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыру бағытында қабылданған шаралар жөнінде баяндама жасады.
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев тиісті сала басшылары мен жауапты мамандарға Түркістан облысында ерте піскен көкөніс өнімдерін жеткізіп сауда нүктелеріне сатылымға шығару үшін әр ауданнан кем дегенде 5 ірі сауда орындарын анықтауды, әр ауданда аудан әкімі орынбасарларының төрағалығымен азық-түлік бағаларына мониторинг жүргізетін арнайы топ құруды, аудандарда әлеуметтік дүкендер мен сауда қатарлары санын ұлғайтуды және сақтауда тұрған қоры жеткілікті тауарларды, әсіресе нан, ұн, қант, күнбағыс май, қарақұмық жармасын тұрақты түрде негізгі сауда орындарына өткеру мен жеткізіп беру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Ал, көтерме және бөлшек сауда субектілердің, өндірушілердің бағаларына, рұқсат етілген шекті бағаларды белгілеу бойынша ұсыныстар ҚР Сауда және интеграция министрлігі тарапынан қаралуда.
Айта кетейік, 2019 жылы елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның өсуі 10,4% құрады, барлық өңірлерде шекті бағадан асып кетудің 67 жағдайы тіркелген.