Трамп Путиннің күйеубаласына қарсы санкция жариялады

0 9

Кремльмен байланысы бар 7 Ресей олигархына қатысты Трамп әкімшілігі жаңа санкция жариялады, олардың қатарында Владимир Путиннің күйеубаласы да бар. Олигархтар иелік ететін 12 компанияға да аталмыш санкциялардың қатысы бар, — деп хабарлайды Baq.kz басылымына сілтеме жасап.

Қаржы Министрлігі жариялаған шешімдердің сондай-ақ жоғарғы шенді Ресей Үкіметінің 17 шенеунігі мен мемлекеттік «Рособоронэкспорт» компаниясына қатысы бар. Аталмыш компания «Ресей қаржы корпорациясымен» бірге Сирияға қатысты әрекеттер жасады деп айыпталып отыр.

Трамп әкімшілігі Ресей олигархтары мен шенеуніктеріне санкция жариялау арқылы 2016 жылы АҚШ президенті сайлауына Путиннің араласқанын дәлелдегісі келеді. Сондай-ақ Ресейді Қырым, Украина, Сирия жеріндегі қақтығыстарға араласты деп айыптап отыр. Кремльдің басшылығымен Ресей олигархтары 2016, 2017 жылғы Батыс елдеріндегі демократиялық сайлауларға араласқаны үшін жазалануы тиіс дейді Ақ үй өкілдері.

«Елді шатастырып, пікірталас пен зұлымдық тудырып отырған адамдар жазалануы тиіс» деді президент Дональд Трамп.

Ал Қаржы министрі Стивен Мнучин Қырым және Сириядағы қақтығыстарға Ресей қару-жарақ жолдады дейді.

Ақ үй әкімшілігінің өкілі журналистерге: «Аталмыш санкциялар әлемде болып жатқан оқиғаларға Ресей Үкіметінің жауыздықпен араласуына тыйым салу үшін жауап ретінде жасалды» деп мәлімдеді.

АҚШ қаһарына іліккен 7 олигарх қатарында Путиннің туған күйеубаласы энергетика бойынша атқарушы директор Кирилл Шамалов та бар. Одан өзге Францияға миллион еуроны шабаданмен тасыды деп айыпталған Сүлейман Керимов, Трамп сайлауалды кампаниясының бұрынғы төрағасы Пол Манафортпен дос болған миллиардер Олег Дерипаска бар.

АҚШ уланған Скрипальдар ісінен соң алдымен 100 Ресей елшісі мен арнайы қызмет өкілдерін елден қуған соң, Ресей де 60 америкалық дипломатты шығарып салған болатын. Осы ауыр оқиғалардан соң, олигархтарға қарсы санкциялар жарияланды.

Яғни, Путин Сирия президенті Башар Асадты үнемі қолдағаны үшін, 2016 жылы АҚШ және Еуропа елдеріндегі сайлауда демократияға нұқсан келтіргені үшін, Грузия мен Украина жеріндегі қанды қақтығыстарға түрткі болғаны үшін Трамптың ашу-ызасына тиген. АҚШ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Х.Р.Макмастер сейсенбі күні зейнетке шығып бара жатып, соңғы рет сөйлеген сөзінде Ресейді бұдан да қатты жазалау қажет деп сұхбат берді. Ол: «Трамп Ресеймен жақсы қарым-қатынас құру керектігін үнемі айтады, алайда Конгресс пен әкімшілік президентті қолдамайды, Кремльге жылы қабақ танытудың қажеті жоқ» деді.

Айта кетерлігі, бүгінгі күнге дейін Ақ үй 189 Ресей азаматын әр түрлі бағдарламаға сәйкес санкциялаған. Қаңтарда 200 бақуат Ресей азаматы мен шенеунігі идентификацияланды. Ал наурызда Ресей Үкіметінің хакерлері мен тыңшы агенттеріне ФБР директоры Роберт Мюллер санкция жариялаған болатын.

Ресей Сыртқы істер министрлігі санкцияларға қатысты қатаң түрде жауап беретіндерін айтты. «Вашингтон Ресей азаматтарына америкалық виза бермей, бизнесмендердің қаржы активтерін «қатырып», кедергі келтіруде. Алайда, біз Вашингтонға санкция тілінде сөйлеуді доғаруын сұраймыз. Бұл ресей-америкалық қарым-қатынасқа кезекті нұқсан келтіру әрекеті ғана» дейді министрлік өкілдері.

Leave A Reply

Your email address will not be published.