Грецияның Крит аралындағы Ираклион университетінің ауруханасында 85 жастағы ер адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырып, сегіз минут өткеннен кейін ажал құшты деп хабарлайды РИА Новости.
Егде жастағы азамат вакцина салдырғаннан кейін күту залына барып отырған, кенет орнынан құлап түскен. Дәрігерлер дереу жүгіріп келіп, жәрдем берген. Алайда қарияны жансақтау бөліміне ауыстырмақ болғанда ол көз жұмған.
Алғашқы болжам бойынша, қарт кісінің өлімі вакцинациядан және аллергиялық анафилактикалық шоктан емес, керісінше, басқа себептерге байланысты болған. Дәрігерлер ғылыми тұрғыда ешқандай вакцинациядан кейін өлім болмағанын еске салып, мұны вакцинациямен қатар келген кенеттен болған ажал деп санайды. Дегенмен олар өлімнің нақты себебін анықтау үшін тез арада сот-медициналық сараптамасын жүргізуді талап еткен.