Отанға қызмет – абыройлы міндет. Тараз қаласындағы 5513 әскери бөлімінің жас жауынгерлері осы міндетті мүлтіксіз атқаруға салтанатты түрде серт берді. Бұл әскери бөлімде бүгінге дейін бірнеше мың сарбаз борышын өтеп шықса, биылғы күзгі шақырылымда тағы 360 азамат әскери міндетін орындауға келді. Сарбаздар еліміздің 8 облысынан шақырылған. 1-ай бойы әскери тәртіпке машықтанған жас жауынгерлер салтанатты түрде ант қабылдап, артылған сенімді ақтап шығуға ниетті екендіктерін жеткізді. Салтанатты шараға әскери бөлімнің басшылары, ардагер офицерлер мен сарбаздардың ата-аналары қатысты. Олар Ұлттық ұлан қатарына қосылған азаматтарды шын жүректен құттықтап, сын сағатта сыр бермей, Отан алдындағы борышын аброймен атқаратындығына сенім білдірді.
Қайсар БАЙМҰРАТОВ -Ауған соғысының ардагері / Жезқазғаннан келіп отырмын. Балам ант қабылдады. Қуаныштымын. Отан алдындағы борышын адал атқарсын деп тілеймін/
ЖАНДАРБЕК ИХСАНҒАЛИЕВ – жас сарбаз /Осы әскери бөлімге Орал қаласынан келдім. Әскери ант қабылдап, өзіміздің Отанымызға деген адал ниетімізді білдіріп жатырмыз. Әрине ер жігіт болған соң қиыншылық бастан өтуі мүмкін. Бірақ, қиыншылыққа мойымай, Отан алдында міндетімді аброймен атқарып, елге еңбек ете беретініме сенімдімін/