Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханның өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды

0 31

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Бекболат Тілеуханның өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды,  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұловтың айтуынша, Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан міндеттерін атқарудан өз еркімен босату туралы өтініш берген.

«Осыған орай ҚР Орталық сайлау комиссиясы сіздердің назарларыңызға заңнамаға сәйкес, Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеуханның өтініш беруіне байланысты оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселені шешу үшін ұсыным енгізіп отыр», — деді А. Смағұлов.

Палата депутаттары бұл ұсынымға қолдау білдірді.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Б. Тілеуханның жаңа қызметіндегі жұмысына табыс тіледі. «Бекболат Қанайұлын баршаңыз жақсы білесіздер, елімізде танымал тұлға. Бекболат Тілеуханды білмейтін қазақ жоқ десек артық болмайды. Ол саясатта болсын, өнер саласында болсын, қоғамдық жұмыстарда болсын үлкен үлес қосып келе жатқан абыройлы азаматтарымыздың бірі. Бірінеше шақырылым Мәжіліс депутаты болды, халыққа қажетті заңдар қабылдауға ықпал етті. Әсіресе, еліміздің әлеуметтік-мәдени жолында Бекболат Қанайұлының рөлі өте зор. Енді Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының бірінші вице-президенті болып тағайындалды, сондықтан әріптесімізге бірлескен жұмысы үшін алғыс білдіре отырып, алдағы уақытта да зор денсаулық, жаңа қызметте табыс тілейміз», — деді Н. Нығматулин. Жалпы отырыста Бекболат Қанайұлына Мәжіліс атынан «Алғыс хат» табысталды.

Бекболат Қанайұлы 1966 жылы 7 тамызда Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында дүниеге келді.

Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясын және аспирантурасын бітірген. 1992-2001 жылдары – Алматы консерваториясының оқытушысы, доценті, кафедра меңгерушісі. 1996-1997 жылдары – Республикалық гвардия жанындағы Президент оркестрі фольклорлық ансамблінің жетекшісі. 1997-2001 жылдары – Президент оркестрінің көркемдік жетекшісі. 2001-2002 жылдары – Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы. 2002-2003 жылдары – Қазақстан Республикасы Мәдениет және қоғамдық келісім вице-министрі. 2003-2004 жылдары – Қазақстан Республикасы Мәдениет вице-министрі. 2004-2007 жылдары – «Нұр Отан» партиясы тізімі бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. 2007-2011 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің 4-ші шақырылымдағы депутаты болды. Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті, 2016-2021 жылдары – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің алтыншы шақырылымдағы депутаты болды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.