ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров елдегі ұн тапшылығы жөніндегі жарияланымдарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өздеріңізге белгілі, БАҚ беттерінде бірқатар диірменнің шикізат дефицитіне байланысты жұмысы тоқтағаны жазылып жатыр. Мұнда бірден айтқым келетіні – елде ешқандай астық тапшылығы жоқ. Республикада жеткілікті мөлшерде астық бар. Баршаңызды дүрлікпе тудырмауға және жеке мүддені халықтың жалақысымен жасырмауға шақырамын», — деді А. Сапаров орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Алдын ала статистика дерегіне сәйкес, 1 сәуірдегі жағдай бойынша республикада 6,4 млн тонна астық болған.
«Бұл көлем ішкі тұтынуды қамтамасыз етуге және бір бөлігін экспортқа, оның ішінде ұн түрінде жіберуге де жеткілікті. Атап өткен жөн, жыл сайын біз шамамен 3 млн тонна ұн өндіреміз, бірақ бұл көлемнің жартысы экспортқа жіберіледі. Осылайша, өндірілетін ұнның барлығы ішкі нарыққа кетпейтінін түсіну керек. Ал кейбір диірмендер тек экспортқа жұмыс істейді», — деді Айдарбек Сапаров. Бұған дейін Астық өңдеушілер одағы елімізде бір жарым аптаға ғана жетерлік бидай қоры қалғанын мәлімдеген еді. Астық өсірушілер мен өңдеушілер бидайды бөлісе алмай дау туғаны, бидай таусылса барлық диірмендер жұмысын тоқтатуға мәжбүр екені айтылған.