Мектепте орысша сабақ беретін ұстаздар тапшы

0 21

Талапкерлер педагогикалық жоғары оқу орындарының орыс бөлімшесіне баруға ниетті емес. Бұл туралы Астана халықаралық университеті жанындағы Педагогика институтының директоры Жанна Ахмадиева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Астанада жаңа 42 мектептің салынуы үлкейіп келе жатқан елорда мектептері үшін педагог кадр дайындау проблемасын өзектендіре түседі. Бүгінде Астана аумағындағы 18 ЖОО-ның ішінде үшеуі – Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, Астана халықаралық университеті және А.Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық университеті педагог кадрларды дайындайды», — деді ол Білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінде.

Оның айтуынша, педагог кадрларды дайындау Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті әзірлеген педагогикалық білімді жаңғырту тұжырымдамасы аясында жүргізіледі.

Аталған құжат биыл бекітіліп отыр.

«Бүкіл республика бойынша педагог кадрларды теңдей бөлуің орын алмай отырғаны құпия емес. Орыс тілінде сабақ беретін кадрлар жетіспеушілігі байқалады. Мысал да келтірейін. Өткен жылы «химия» арнаулы білім бағдарламасына 38 талапкер түсті. Оның 36-сы қазақ бөліміне, ал екеуі орыс бөліміне оқуға қабылданды. Ал бұл ЖОО-ны әр студент үшін білім берудің жеке-дара траекториясын қалыптастыруға мәжбүрлейді. Мұның үстіне ЖОО үшін аталған студенттерді даярлау тиімді емес. Нәтижесінде бұл орыс тілінде сабақ беретін кадр тапшылығына, педагог кадрлардың қартауына алып келеді», — деді Жанна Ахмадиева.

Институт директорының сөзіне қарағанда, елордадағы педагогтардың қажеттілігін болжаумен және анықтаумен Еуразия ұлттық университетінің оқытушылары айналысады.

Олардың дерегінше, 2026 жылдың өзінде елордада шамамен 7,5 мың мұғалім тапшы болмақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.