Құмар ойынға тыйым: Бизнес «көлеңкеге» кетпей ме

0 5

Мәжілісте «Қазақстандағы ойын және лотерея бизнесінің мәселелері мен оларды шешу жолдары» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осыған дейін лудоманияның қоғамға тигізіп жатқан кесірі туралы түрлі фаткілерді тізіп, дабыл қағып келген депутаттар ойын бизнесінің өкілдерімен бетпе-бет кездесуде «тыйым салу» деген сөзден «шектеу» деген ұғымды жиірек қолданып жатты.

Депутат Қанатбек Сафинов Президент Іс басқармасының жанындағы Парламентаризм институты Мәжіліспен бірге «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына әзірлегенін айтады. Оның ішінде жасы 21-ге толмаған азаматтарды құмар ойынға тартқан ұйымдарға жаза белгілеу сияқты нормалар бар.

Турзим және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаевтың айтуынша, жалпы ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі саласындағы заңнамаларға 64 түзетуді көздейтін 3 заң жобасы әзірленген. Сондай-ақ бизнесті жүргізу бағытында 15 тармақтан тұратын 1 заң жобасына түзету енгізу ұсынылып отыр. Бұл түзетулерде мынадай шаралар көзделген:

1) интернетте ойын мекемесін заңсыз ашып, ойын бизнесі саласындағы қызметті заңсыз ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту;

2) 21 жасқа дейінгі, құмар ойындарға қатысудан шектелген адамдарға рұқсат еткені үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту;

3) берешегі бар жеке тұлғалардың құмар ойындарға қатысуын шектеу;

4) лицензиясы мен «KZ» ұлттық домені жоқ, Қазақстанда тіркелмеген шетелдік букмекерлік кеңселердің, тотализаторлардың интернет-ресурстарына және электрондық кассаларына тыйым салу;

5) Қазақстан аумағында қызметі заңсыз деп танылған шетелдік ойын бизнесін ұйымдастырушылардың пайдасына төлемдерді жүзеге асыру бойынша қызметтер көрсетуге тыйым салу;

6) ойын мекемесінің, букмекерлік кеңсенің, тотализатордың, мөлшерлемелерді қабылдаудың және өткізілетін құмар ойындардың үлгілік жұмыс ережелерін бекіту;

7) букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар орналасқан жерлердегі, спорт ғимараттарындағы және спортшылардың жабдықтарындағы жарнаманы қоспағанда, букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың сыртқы жарнамаларына тыйым салу;

8) букмекерлік кеңселерді өзінің аппараттық-бағдарламалық кешендерін мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелерімен интеграциялауға міндеттеу;

9) жеке тұрған ойын автоматтары залдарының қызметіне тыйым салу.

Ержан Еркінбаев саланы реттеу үшін Ресей, Армения, Оңтүстік Корея, Финляндия сияқты елдердің тәжірибесі ескерілетінін атап өтті.

Тіпті «Аmanat» фракцияларының депутаттары құмар ойынға қатысуға тыйым салынған адамдардың жас шегін 25-ке дейін ұлғайтуды ұсынып отырған көрінеді.

Бұл саладан табыс тауып отырған заңды тұлғалардың түрлі қауымдастықтардың өкілдері өз уәждерін айтты.

«Букмекерлік және лотерея бизнесінің өзін-өзі реттейтін ұйымы» қауымдастығының президенті Ғалымжан Дуамбеков депутаттар ұсынып отырған шаралар бір жағынан саланы реттейтіндей көрінгенімен, шын мәнінде нарықтың көлеңкелі арнаға ойысуына түрткі болуы мүмкін деген пайым айтты.

«Кейінгі кезде елдегі заңды букмекерлік ұйымдардың қызметі реттеу тетіктерінің қатаңдауынан тұрақсыздыққа ұшырауда. Қабылданып жатқан және ұсынылып отырған шектеулер мен талаптарды тек заңды жұмыс істейтін букмекерлік кеңселер ғана орындайтынын түсіну керек. Ал Қазақстанның интернет кеңістігінде заңсыз букмекерлік кеңселер, казинолар өте көп. Сондықтан ұсынылып жүрген шектеу мен тыйым нормалары лудоманиямен күресте тиімсіз болады. Одан кейін бұл нормалар көлеңкелі онлайн бизнеске қолайлы жағдай жасайды.

Ойын бизнесі саласындағы уәкілетті орган 2,5 мыңнан астам сайтты бұғаттады. Оның ішінде 300 заңсыз букмекерлік және казино брендтері бар. Алайда, бұғатталған интернет-ресурстардың орнына қайтадан сайт аша салу қиын емес. Яғни, бұл осы әдіспен күресу шараларының тиімсіздігін көрсетеді», – дейді ойын бизнесінің өкілі.

Вице-министр Ержан Еркінбаев БАҚ өкілдерінің сұрағына берген жауабында тыйым мен шектеу күшейсе, заң бойынша жұмыс істеп жүрген букмекерлік кеңселер көлеңкелі арнаға кетуі мүмкін екенін растады.

«Бұл шынымен де мүмкін. Заңды букмекерлік кеңселерге қазір тыйым салып тастасақ, қолындағы инфрақұылым мен клиенттер базасын көлеңкелі салаға бағыттай салады. Өзгерістер енгізудің басты қатері осында. Сондықтан біз заңды жұмыс істеп жүрген ойыншыларды нарықта сақтап, тәртібін қатаңдату керектігін, ашық есебін жүргізу қажеттігін айтып отырмыз. Қазір заңды жолмен жүрген ойыншылар көлеңкелі салаға кетсе, бүкіл мәліметті жоғалтамыз. Кімдер құмар ойнап жүргенін, олардың жас аралығы қандай екенін, қанша ақша ұтысқа салынып жатқанын, ол ақшаның шығу көзін біле алмай қаламыз. Тіпті оқушылар да ойынға салынып кетуі мүмкін. Қазір мемлекеттік органдар бұл мәліметтерді көріп отыр. Ойын бизнесінің көлеңкеге кетуінде осындай қауіп бар», – дейді ол.

Жиында ойын бизнесінің өкілдері қанша табыс тауып жүргені, одан қанша салық төлейтіні туралы да мәселе көтерілді.

«Қазақстанның лоторея одағы» жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар бірлестігінің сарапшысы Шынболат Пазылдың айтуынша, Мәжілістің жетінші шақырылым депутаттары елге лотореядан түсетін салық туралы қате ақпарат берген көрінеді.

«Көптеген қоғам қайраткерлері болсын, жетінші шақырылым депутаттары қате пікір таратуда. Олар да сол кезде толығымен зерттемей жатып тақырыпты қозғады. «Бұлардың бір жылдағы айналымы 2022 жылдың қорытындысы бойынша 267 млрд теңге болды. Сол ақшадан салық ретінде 4,4 млрд теңге ғана төлеген. Бұл не неге ондай?», — дейді. Қысқаша түсіндіре кетейін. Жалпы «Ұлттық лоторея» өз қызметін бастағаннан бері жалпы айналымымыз 709 млрд теңге болды. Бірақ бұл өте ерекше бизнес қой. Оның 70-75 пайызы біздің жеңімпаздардың ақшасы – ұтысқа жұмсалады.

Осы ұтыстан қалған сомадан 10 пайызы «Қазақстан халқына» қорына, Спортты қолдау қорына аударылып отырады. Мемлекет бюджетіне біз осы уақытқа дейін 10,5 млрд теңге қосымша құн салығын төледік», – деді одақ сарапшысы.

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев алименттен жалтарғандарды да құмар ойындар мен ұтыс тігуден шектеуді ұсынды.

Сондай-ақ ол жиынды қорытындылай келе, бүгінгі шарада айтылған ұсыныстарды іске асыру қорытындылары бойынша әрбір мемлекеттік органның жұмыс тиімділігіне баға берілетінін еске салды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.