Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары кезінде ішкі істер органдары, Төтенше жағдайлар департаменті, Ұлттық ұлан қызметкерлерінен құралған құтқарушылар тобымен және су тасқынына қарсы шараларға белсенді қатысып жатқан еріктілермен жүздесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Президент табиғи апатпен күреске атсалысқан барлық азаматқа ризашылығын білдіріп, олар бүкіл еліміз үшін өте маңызды, игі іс атқарып жүргенін атап өтті.
– Көп ұзамай бұл жұмыстар да аяқталады. Қиындықты қалай да еңсереміз. Осында еңбек етіп жүрген құтқарушылар, полицейлер, еріктілер лайықты деңгейде марапатталады. Бұл міндетті түрде менің бақылауымда болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды. Президент сапары қарғын су басқан аумақтарды тікұшақпен аралап көруден басталды. Қаратөбе ауданы орталығындағы Қажым Жұмалиев атындағы мектеп-гимназия базасында орналасқан эвакуациялық пунктідегі тұрғындармен кездесті. Осы орайда, «Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мектебімізге келіп, эвакуацияланған тұрғындармен кездескені зор қуаныш әрі демеу болды», — деді мектеп директоры Мираш Өтеғалиева Kazinform тілшісіне. Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен төтенше жағдай жөніндегі жедел штабтың отырысы өтті.
БҚО-да су басқан аумақтардан 6 мыңнан астам адам эвакуацияланғанын, су тасқынына байланысты күрделі жағдай туындаған жерлерге гуманитарлық көмек жеткізіліп жатқанын жазған болатынбыз. Су тасқыны кезінде Батыс Қазақстан облысында өлген мал саны 1500-ден асты, шығын қалай өтелмек?
Айта кету керек, Орынбор облысындағы Ирикла су қоймасынан секундына 1600 текше метр су жіберіліп жатыр. Бұл туралы «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалының басшысы Рауан Хұсайыновқа Төменгі Еділ бассейндік су басқармасы Орынбор облысы бойынша су ресурстары бөлімінің бастығы Сергей Ридель мәлім етті.