Қазақстан Chat GPT секілді өз жасанды интеллектін жасап шығармақ. Ақылды жүйе KazLLM деп аталады. Аталған ЖИ моделі суперкомпьютерлік инфрақұрылым толық іске қосылғаннан кейін жұмысын бастайды. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мәлімдеді.
– 2024 жылғы 12 ақпанда Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері Presight AI Ltd. компаниясы арасында суперкомпьютер құру және тиісті деректерді өңдеу орталығын салу жобасы бойынша келісімге қол қойылды. Аталған жоба екі кезеңде жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде есептеу қуаттарын АО «Ұлттық ақпараттық технологиялар» ДӨО-да орналастыру жоспарланған, екінші кезеңде жаңа ДӨО құрылысын салу және есептеу қуаттарын орналастыру көзделіп отыр. Осылайша, Министрлік G42 компаниясымен бірлесіп, Nvidia есептеу қуаттарын экспорттауға лицензия алу жұмыстарын жүргізуде, — дейді министрлік мамандары агенттік тілшісінің сауалына орай.
Аталған лицензияны алу үшін еліміздегі деректерді өңдеу орталығы жоғары деңгейдегі қауіпсіздік стандарттарына сай келуі керек. Бұл өз кезегінде орталықтағы деректердің қатаң сақталуын және сыртқа шықпауын қамтамасыз етеді.
– ДӨО-ын жоғары деңгейдегі қауіпсіздік стандарттарына сәйкестендіру жұмыстары жүргізілуде. Қалыптасып келе жатқан суперкомпьютерлік инфрақұрылым жасанды интеллекттің ұлттық платформасымен интеграцияланатын болады және мемлекеттік цифрлық өнімдерді әзірлеу мен енгізу үшін негізгі элементке айналады. KazLLM үлкен тілдік моделін қолдауға және оның негізінде ИИ-агенттерді құруға ерекше көңіл бөлінеді. Сондай-ақ, Министрлік бизнес пен ғылыми қоғамдастық үшін есептеу қуаттарын ұсыну мүмкіндігін қарастыруда. Суперкомпьютерлік және гипермасштабты деректерді өңдеу орталықтары бұлтты технологияларды, жасанды интеллектіні және жоғары өнімді есептеулерді (HPC) дамытуға берік инфрақұрылымдық негіз қалыптастырады. Бұл орталықтар заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге, ғылыми зерттеулер жүргізуге және мемлекеттік қызметтерді тиімді цифрландыруға мүмкіндік береді, — дейді олар.
Айта кетейік, атқарылып жатқан жұмыстар нәтижелі болса, қазақ тілінде ешқандай қатесіз, еркін сөйлеп, жақсы жұмыс істей алатын жасанды интеллект пайда болады.
Естеріңізде болса, бұған дейін суперкомпьютерді құру үшін қажетті жабдықтарды АҚШ-тан жеткізу процесі қалай жүріп жатқанын жазған едік.
Ал бірнеше күн бұрын Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев бұл құрылғылардың биыл елімізге жеткізілетінін хабарлады.